Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды

«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына өтінім қабылдау басталды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекет Басшысы тағайындаған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын ұсыну жөніндегі конкурстың басталғаны туралы хабарлайды.
2022 жылы әрбір грантқа 3 млн.теңгеден 30 грант берілетін болады.
Грант берудің мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау болып табылады.
Конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталған кезде жасы 14-тен кем емес және 29-дан аспайтын, конкурсқа қатысуға өтінім берген Қазақстан Республикасының кез-келген азаматы үміткер бола алады.
Гранттар Қазақстан Республикасының азаматына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін конкурстық негізде мынадай бағыттар бойынша беріледі:
«Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобаларды және зерттеулерді іске асыруға арналған;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыруға арналған;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT шешімдер мен жобаларды, оның ішінде жаңадан басталған стартап жобаларды іске асыруға және дайындауға арналған;
«Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған;
«Медиа» – жаңа медиа жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жөніндегі жобаларды іске асыруға арналған.
Үміткерлердің конкурстық өтінімдері (қағаз нұсқада) ағымдағы жылғы 14 тамызға дейін мына мекенжай бойынша қабылданады: Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы, 8, «Министрліктер Үйі» Әкімшілік ғимараты (14-кіреберіс); Байланыс нөмірлері: 8(7172)74-12-78, 8(702-000-88-12), (электрондық нұсқасы) generation.kaz@gmail.com поштасына қабылданады. 
Конкурстық өтінімдер мемлекеттік және (немесе) орыс тілдерінде қабылданады және:
1) нысан бойынша жобаның сипаттамасы;
2) жобаның бейне-таныстырылымы (60 секундтан аспайды);
3) шығыстар сметасының жобасы;
4) зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса) қамтылуы тиіс.
Айта кетейік, 2021 жылы Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет Басшысы Қ.К. Тоқаев еліміздің 30 жас азаматына «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын табыс етті. Оның ішінде 5 жас адам «Мәдениет» бағыты бойынша, 6 адам – «Ғылым», 5 адам – «Ақпараттық технологиялар», 5 адам – «Медиа», 9 адам – «Бизнес». ҚР Мемлекеттік хатшысының 2022 жылғы 25 ақпандағы №2 Өкімімен грант алушылар Намурадин Айсана мен Наумова Динара ҚР Президентінің жанындағы жастар саясаты жөніндегі Кеңестің құрамына кірді.

kyzylorda-news.kz
14 маусым 2022 ж. 478 0