Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мархабат Жайымбетов «ҚОР» мұнай компаниясының еңбек ұжымымен кездесті

Мархабат Жайымбетов «ҚОР» мұнай компаниясының еңбек ұжымымен кездесті

Соңғы кезде кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндірісінің көлемі жылдан-жылға қысқарып келеді. Бұл жағдай облыс тұрғындарына да елеулі әсер етеді. Себебі өңірде мұнай-газ саласында 10 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Бұл ретте ірі компанияларда қызмет атқаратын жұмысшылардың жалақысын қысқартпау, еңбек құқықтарын сақтау маңызды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес бүгін облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов «ҚОР» мұнай компаниясы акционерлік қоғамының ұжымымен кездескенде осы мәселеге ерекше мән берді.
Жалпы өңірдегі барлық өнеркәсіп өндірісінің 70%-дан астамы мұнай өндіруге тиесілі екендігін атап өтті.
Қазіргі таңда «ҚОР» Мұнай компаниясы 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Компания өткен жылы 148,6 мың тонна мұнай өндіріп, мұнай компаниялары ішіндегі үлесі 7,7 пайызды құрады, ал, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 1,2 млрд.теңге, яғни мұнай компаниялары ішіндегі үлесі 1,6 пайызды құрайды.
Бүгінгі таңда жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайын жақсарту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және табысын арттыру басты назардағы мәселе,- деді М.Жайымбетов.
Жиында «ҚОР» мұнай компаниясының бас директоры Даулет Узаков әлеуметтік міндеттемелерін орындау барысын баяндады, ал ұжым өкілі Мақсат Балапанов өндірістегі қызметкерлерді біріктіру және олардың мүдделерін қорғау бойынша кәсіподақ тарапынан атқарылған жұмысты таныстырды.
Кездесу соңында облыс әкімдігі мен «ҚОР» кәсіпорны және кәсіподақ арасында өзара ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойды.

kyzylorda-news.kz
25 маусым 2022 ж. 465 0