Мәскеу сапары: ТАНЫМ МЕН ТӘЖІРИБЕ
Жақында қазақ журналистикасының қара нары Нұртөре Жүсіппен сұқбатты тыңдаған едім. Сонда көсемсөзші «Журналистика – жүйкеге жүк түсіретін сала. Бірақ, бір жағымды жері – жер көресің, адам танисың» деген-тін. Қаламгер қалт айтқан жоқ. Жақында осы тілшілік тіршіліктің арқасында Ресей астанасына барудың реті келді. Дұрысы ретін келтірді. Облыс әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина ай бұрын аудандарды аралағанда, жергілікті басылымдардың шығармашылық өкілдерін Мәскеуге апаруға мүмкіндік жасауды жоспарлап отырғанын айтқан. Айтылған сөз жерде қалмады. Бұл бастаманы аймақ басшысы қолдап, «Сыр медиа» ЖШС басшылығы қоштап, жеті ауданнан шағын делегация құрылды. Көбіміз бірінші рет шекара асайын деп тұрмыз. Оның үстіне журналистік жауапкершілікпен. Сондықтан, сапардың салмағы да ауыр. Жол алдында серіктестік директоры Аманжол Оңғарбаев сапарымызға сәттілік айтып, тілектестік білдірді. Алып шаһарға аттанар алдындағы толқыныс басылмай тұр. Тәуекел...
Ұшақ – 7.20-да. Тіркеуден өткізіп, жүгімізді есептейтіндіктен, екі сағат ерте бардық. Сапарға әр ауданнан жергілікті өнімдерді алып шыққанбыз. Құрт пен қауынқақ, Қазалының кәмпиті мен Сырдарияның қарбызы дегендей. Біз Аралдың қақталған балығын арқалап шықтық. Сондағы жоспарымыз – Мәскеуде білім алып жатқан Сырдың студенттеріне ауылдың дәмін татқызу. Қырсыққанда қолтықтап келген үлкен қос қарбызды әуежай қызметкерлері өткізбей әуреге салды. Барымызды салып түсіндіріп бақтық. Ақыры, бірін қалдыруға тура келді. Жүк тиелген жаққа жіберсек, жарылып қалатындықтан, 15 келіден асатын өнімді өзімізбен алып кірдік. Сонымен не керек, тексерушілердің «сынынан» сүрінбей өтіп, бортқа жайғастық. Аз уақыттан соң темір құс қанатын қомдады. Зырғыды да, көкке көтерілді. Мәскеу мен біздің уақыттың арасында 3 сағаттық айырмашылық бар. Сондықтан, таңда көтерілген ұшақ онда күн шыға жетеді. Қос қаланың арасы – төрт сағат. Түнімен ұйықтай алмағасын ба, ұшаққа отырған соң көп өтпей-ақ талықсып кетіппіз. Бір кезде діттеген жерге жақындағанымызды хабарлады. Бұлт арасынан алып мегаполистің еңселі ғимараттары қылаң береді. Шүйліге құлдилаған ұшақ «Шереметьево» әуежайының алаңына келіп қонақтады.

Түскен соң қонақ үйге такси жалдадық. Таксишіміз 3 сағат дегенде зорға жеткізді. Қалада кептеліс деген сұмдық. Ағылған адам, сапырылысқан көлік. Бірақ, оған өкініп отырған біз жоқ. Өйткені, алып шаһармен таныстықты такси ішінде отырып бастап кеттік. Қонақжайға орналасып, заттарымызды қалдырдық та, қайырылып қайта шықтық. Біздің жатар жеріміз бен барар жеріміздің жоспары алдын ала жасалып қойған. Ең бірінші бағытымыз – Әлия Молдағұлова атындағы мектеп.
Қазақтың батыр қызының атына берілген мектеп ұжымы бізді жылы шыраймен қарсы алып, батыр қыздың отандастары деп бәйек болғанда, шынымен де іштей мақтаныш сезімі кернеді. Шығыс шынарының ерлігі арада 70 жыл өтсе де өшпегеніне осы бір сәтте куә болғандаймыз. Бұл білім ұясында барлығы демесек те, біразы Қазақстан туралы мәліметке қанық. Себебі, біздің мәдениетімізден біраз хабар беретін Әлия Молдағұлова атындағы музей бар. Бірінші сынып оқушылары осы мұражайдағы экспонаттармен таныстырды. Өзіміз жайлы дүниені орыс тілінде естігенде, ішіміз жылып қалды. Ұлттық киімдер мен аспаптар, киіз үй мен мемлекеттік рәміздер жайлы славянша сайрап берді. Оқушыларды мектеп мұғалімі Наталья Николаевна даярлаған екен. Оның айтуынша, білім ұясына қазақстандықтар көптеп келеді. Экспонаттар да осындай келушілер есебінен толықтырылып отырады. Біздің делегация да музей мұрасын толықтырсын деген ниетпен естелікке қобыз бен домбыра мүсінін және ұлттық нақыштағы ас ішетін ыдыс табыстады.
Мектеп жанындағы музей 1972 жылы снайперші әйелдердің бастамасымен қолға алынған екен. Жалпы, 1942-1945 жылғы соғыс уақытында осы білім ұясының маңында мерген қыз-келіншектерді даярлайтын орталық мектеп болыпты. Онда зұлмат жылдары 2200-ге жуық қыз майданға даярланған. Сол снайпершілердің көмегімен 12000-нан астам неміс әскері қырылған. Бірақ, соғыс кезіндегі осындай мықты орталықтың болғандығын айғақтайтын бірде-бір белгі қойылмаған. Мұны ескерген мерген қыз-келіншектер мектептен мұражай ұйымдастырып, қазақтың батыр қызының атын берген. Сонымен бірге, мектеп ауласында Әлия Молдағұлованың ескерткіші орналасқан. Ол ескерткіш сол кездегі Қазақстанның Ресейдегі елшісі, қазіргі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен жасалған. Біз де қазақтың батыр қызының рухына тәу етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық.
Бізді мектеп ұжымы бірден жібере қоймады. Арнайы дайындаған дастарқаны бар екен. Бір үстел басында мұғалімдермен әңгімелесіп, болашақ журналист болғысы келетін оқушылардың ойын тыңдадық. Олар еркін, ұстаздарымен қатарындай тілдеседі. Ойындағысын бүкпейді, білгісі келгенін ашық жолдайды. Бізге бір ұнағаны, осы оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ, баспа ісімен айналысып жүр. Өздері материал дайындайды, газет беттейді. Жетекшісінің айтуынша, түрлі шаралар мен мектептегі оқиғалар, оқушылардың ойы – басылымның негізгі материалдары. Одан бөлек, сол біз келген сәттен бастап, камерасын қамдаған жоғарғы сыныпоқушылары жанымызда жүрді. Біздің кездесуімізді қалт жібермей кадрға алып, арасында сөзімізді микрофонға жазады. Кейін арнайы ролик дайындап, архивке қалдырмақ. Осылайша, оқушылар маман болуды мектептен бастап жүр. Мықты кадрға деген қажеттілікті өтеу үшін осындай бастамаларды қолға алу керектей көрінді бізге. Тек ұйымдастыра білсек...
«Ә.Молдағұлова» көшесінің бойымен алшаңдай басып келеміз. Күзгі көрініс керемет. Айналамыз алтын сырға тағынған ағаштар. Төбемізді бұлт көмкерген. Біз ұшақтан түскелі күн сығалаған емес. Жауын бүркіп, жанды түртіп келеді. Қазақстаннан келген ондық одан әрі «Ваганьково» қорымына жол тарттық. Онда Шығыс жұлдызы Ғани Мұратбаев жерленген.

Мәскеудің үсті де, асты да қозғалыс. Тіпті, әуе жолында да қарбалас. Көшедегі кептелістен қашқан тұрғындар метроны көп пайдаланады. Таксишімен тілдескенімізде Мәскеуде көлік сатып алудың, машинамен жүрудің тиімсіздігін айтқан. Себебі, жол бойында сағаттап қаңтарылуға тура келеді. Сондықтан, көпшілік метроға үйренген. Біз де діттеген жерімізге жер асты пойызымен баруды жөн көрдік. Метро минут сайын келіп жатыр. Қос бағытта қатар зулайды. Аялдамалар тізімінен бағытымызды тауып, біз де жайғастық. Мәскеудегі жер асты жолының картасына көзімізді салғанбыз. Ащы ішектей шұбатылған, қиюласып жатқан тізбектен тіпті, бағытыңды анықтау қиын. Мегаполистегі мидай тірлік осы картадан-ақ көрініп тұр. Жанталасып түсіп, жердің бетіне көтерілдік. Шығыс жұлдызы жерленген бейітке жақынбыз. Он минуттық жүрістен соң жеттік. Ғани Мұратбаев мәңгілік жай тапқан орынның жобасын білгенімізбен, табу қиынға соқты. Бейітті сағатқа жуық аралаған шығармыз. Мұнда соғыс жылдарында қаза тапқан шенді азаматтар көп жерленген екен. Ақыры болмаған соң әкімшілігінен сұрауға тура келді. Көп өтпей-ақ, әкімшілік адамдарының нұсқауымен орынды таптық. Жастардың көшбасшысы болған Ғани Мұратбаев бейіті 20-бөліктің екінші қатарында екен.
Жиырма үш жылдық ғана ғұмыр. Келте өміріндегі оның атқарған ісі атанға жүк боларлық. Білім жолын ерте бастап, жастар қозғалысын ұйымдастырған арда ұл артына өшпес із қалдырды. Ташкенттегі жетім балаларды интернатқа, жетімдер үйіне орналасуға атсалысты. Самарқан өлкелік, Түркістан республикасы комсомол ұйымының бірінші хатшысы болды. Ташкентте «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, редакторлық етті. Ширек ғасыр да жасамаған жастар көшбасшысына, қазақтың қайратты ұлына тағзым еттік. Баба жолымен Құран бағыштадық. Рухың разы болсын, «шығыс жұлдызы»...
Мәскеудегі алғашқы күн осылай өтті. Одан соң жатар уақытқа дейінгі уақытымызды бос өткізбейік дедік те, атақты «қызыл алаңға» жол тарттық. Оның үстіне, Мәскеудің бұл аспан астындағы мұражайы біздің қонақ үйден онша алыс емес. Қараңғы қоюлана «қызыл алаңға» келдік. Жан-жағымыз шіркеу тектес шым қызыл ғимараттар. Еуропалық һәм христиандық архитектураның керемет үлгісі. Көршілес халық көнеден қалған ғимараттарын бір кірпішін сындырмастан сақтаған. Бұл–туристердің ең бірінші келетін орны. Маршал Жуковтың айбатты ескерткіші «мен мұндалайды». Содан естелік суретке түсу рәсімі басталды. Алып қалада ақша табудың да жолы көп-ау. Тарихи тұлғалардың киімін киген адамдарды көп кездестіресің мұнда. Суретке түсу ақылы. 400 рубльден бастап 1000-ға дейін. Бұл шамамен 2-5 мың теңгенің аралығы. Туристердің қалтасын қалай қағуды үйреніп алған. Өмірінде бір келетін шетелдіктер мұндай естеліктен бас тарта қоймайтынын біледі олар.
Күнұзақ жүрістен шаршағанымыз қонақ үйге барғанда бір-ақ сезілді...
Газетті қалай сақтаймыз?
Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне бағыт алып барамыз. Онда «БАҚ-тың сандық түрленуі: аймақтық, ұлттық және глобалдық мәселелер» тақырыбында конференция өтеді. Мақсат–өзге елдегі әріптестерімізден тәжірибе жинақтау, халықаралық кеңістікті сезіну. Сонымен алғашқы секциялық отырыстар басталды. Жалпы, айта кету керек, бұл жиынға әлемнің 10-нан астам елінен 150-ге жуық адам қатысты.
Бүгінде ақпарат таратудың ауқымы кеңейді. Әсіресе, масс-медиа элементтерін біріктіре алатын әлеуметтік желілер арқылы ақпарат тарату басымдыққа ие бола бастады. Алайда, онда объективтілік қаншалықты сақталады деген сауал қылаң береді. Қазіргі сандық технологияға көшкен заманда дәстүрлі басылымның жойылып кету қаупі қандай деген сұрақ та туындап отыр. Яғни, алдағы уақытта газет оқитын адам табыла ма деген үміт пен күдік таразы басында тұр. Осы және өзге де мәселелер конференцияның негізгі тақырыбына айналды. Ломоносов атындағы ММУ журналистика факультетінің деканы Елена Вартанова осы бойынша өз ойын ортаға салды. Сондай-ақ, Италияның Перуджи университетінің профессоры Паоло Манчини, Финляндиядан келген Хельсин университетінің профессоры Ханну Ниеминен, Нортумбрия университетінің профессоры (Англия) Массимо Рагнед БАҚ-тың бүгініне байланысты ой қозғады.
Шынында да, алдағы уақытта газеттің орны қайда болмақ? Конференцияға қатысушы ғалымдардың пікірінше, соңғы 10 жыл көлемінде әлемдік әлеуметтік құрылымда өзгерістер орын алды. Осыған байланысты БАҚ-тың да рөлі артты. Әсіресе, сандық жүйеге ауысқан ақпарат тарату ісі қарқын алды. Мәселен, Англияда бүгінде газет саны азайып, керісінше сайттардың саны артқан. Бұл газет ғұмырын тоқтатады ма? Бұған әркім өзінше жауап қатты. Бірі «газет деген болмайды» десе, бірі «кітап қаншама жылдан бері қолданыста болды, газет те осылай болады» дегенді алға тартты. Дөңгелек үстел басында өткен еркін пікір алмасуда Өзбекстанның журналистика және бұқаралық қатынас университетінің ректоры Шерзод Кудраходжаев «газет сақталады, бірақ формасы өзгереді» деді. Яғни, алдағы 40 жылда газет электронды таратылуы мүмкін. Өзбекстандық әріптес сонымен бірге өздеріндегі тәжірибені де ортаға салды. Оның айтуынша, журналист студенттерге жағдай жасаумен бірге, талапты да күшейткен. Мәселен, 1 курстан бастап еңбек жолын алдымен газеттен бастауды талап етеді. Содан кейін ғана телевидениеге рұқсат. Себебі, көп жастар көгілдір экран арқылы тез танылуға ұмтылып, «жұлдыздыққа» ұрынады. Ал, негізгі журналистік қызметін ұмыт қалдырады. Одан бөлек, кадр даярлағанмен оларға жұмыс тауып беру де өзекті мәселеге айналып отыр. Қызылорда облысы әкімінің кеңесшісі Динара Бисембина да әлеуметтік желілердегі жалған ақпарат тарату жайына тоқталып өтті.
Мәскеу төріндегі мәжілісте тілшілерге деген халық сенімі де сөз болды. Баяндамашылардың жасаған әлеуметтік сауалнамасына сенсек, ресейліктердің 37 пайызы ғана журналистерге сеніммен қарайды екен. Бұның ар жағында төртінші билік өкілдерінің беделі жатыр. Мұның қалай алдын алуға болады? Халық назарын аудара алатын тақырыптардың аздығы да бұған бір себеп. Сонымен бірге, журналистика жанрларының да жоғалып бара жатқаны талқыға түсті. Мәселен, ресейлік ақпараттың 40 пайызын қысқа жаңалықтар құрайды екен. Бұл тақырыпты басқа қырынан көрсетудің кенже қалып жатқанын аңғартады.
Мәскеу мемлекеттік университетінде өткен конференциядан түйгеніміз аз болмады. Айталық, мұнда студенттер өзара бірігіп, радиотарату ісімен айналысады. Сондай-ақ, телеақпарат таратуды да өздері жүргізе береді. Шағын студиялары бар. Ол үшін мүмкіндік қарастырылған. Техникалық жағынан мейлінше қамтылған. Тіпті, студенттер сол жерде сұқбаттар ұйымдастырып, жаңа материалдар даярлап жүрді. Біздегі кемшін тұс осы секілді көрінді. Мұндай мүмкіндікке біздің де әлеуетіміз жетеді. Сандық технологияға көшу мен мықты маман даярлау жайында көп айтамыз. Ал, олқылықты толтыру осыдан басталса, біраз мәселенің түйіні тарқар еді.
Қызылордалықтар жастармен кездесті
Мәскеудегі соңғы күнгі жоспар – сонда оқып жатқан Сырдың студенттерімен кездесу. Түстен кейін Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетіне бардық. Оқу орнына ерте келіп, сары майдай сақтаған ауылдың базарлығын жайып тастадық. Қызылордалық жастардың алдыңғы легі келе бастады. Бас-аяғы 80-ге жуық студент жиылды. Мұндай көп болады деп біз де ойламадық. Өйткені, аптаның 5-күні оқудан шыққан олардың көбі сабақ соңында демалғысы келеді. Алайда, ауылдан ағайын келді дегесін, алып-ұшып жеткен ғой.
2014 жылдан бері облыс әкімдігі мен Ресейдің маңдайалды университеттерімен меморандум жасалғаны белгілі. Оның құрамында, Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу, К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық және Санкт-Петербург мемлекеттік-өндірістік технология және дизайн университеттері бар. Мақсат – аймаққа кадр дайындау. Бұл бастама сәтті жүзеге асып, бітірушілердің алғашқы легі елге оралды. Біз барған Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетінде 19 мамандық бойынша 218 студент білім алып жатыр. Жерлестермен еркін әңгіме өрбіттік. Бәрінің де айтар алғысы шексіз. Әсіресе, аймақ басшысына деген рақметтері алабөтен.
Мәскеудегі қызылордалық жастар арасында өзара бас қосып тұру дәстүрге айналған. Өздері «Орда» деген ұйым құрып, түрлі жиындарда жиылып тұрады. Бұдан бөлек, «Жас тұлпар», «Мұрагер» секілді ұйымдарға топтасқан. Олар үнемі өздерін іздеп келетін жерлестерінің барына қуанады. Айтуларынша, Қазақстанның өзге облыстарында мұндай дәстүр қалыптаспаған. Сондықтан, сырбойылықтарға ол жақта да қызыға қарайды екен.
«Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Қаныбек Әбдуов студенттерге елдің сенім артып отырғанын жеткізді. Облыс әкімдігі жасаған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, елге мықты маман боп оралу қажеттігін еске салды. Шынында да, олар көп жастың қолы жетпейтін жерде білім алуда. Енді осыны түйсініп, білім мен білігін ел үшін жұмсау өздерінің қолында.
Мәскеуде білім алу қаншалықты арман болса, соншалықты қиындығы да бар. Бұл жақта жұлыныңды жаңалыққа, көзіңді кітапқа байлауың керек. Сонда ғана талапшыл оқытушылардың сынынан сүрінбейсің. Әйтпесе, еркелік пен жалқаулыққа жол жоқ. Кездесуден соң аралдық жастарды іздедім. Жиналғандардың ішінде төртеуі бар екен. Бөлек шығып, елдің әңгімесін айтып, жөн сұрастық. Бірі аралдық тұрғын болса, бірі айдынды өңірдің тумасы екен. Арасында біреуі магистратурада, қалғаны 3-4 курста білім алып жатыр. Сабақтың қиындығын сұрадым. «Қазір үйренісіп кеттік» дейді. Басында тіл сындырудан қиналған. Біліп тұрғаныңды жеткізе алмайтын сәттер де болды дейді. Тіпті, оқуын аяқтай алмай шығып кеткендері қаншама. Егер шынымен қаласаң, жатпай-тұрмай еңбектену қажет. Мәскеу аңқау мен самарқауларды жақтырмайды. Жерлестермен біраз шешіле сөйлестік. Олардың мектеп бітіруші түлектерге айтар кеңестері бар. Олармен әңгімемді алдағы уақытта жеке-жеке беруді жөн санадым.
Сыр өңірі кадр дайындау бойынша тың қадам жасады. Беделді оқу орындарына балаларды жіберіп, болашаққа инвестиция салып қойды. Сол жіберген жастардың 74-і биыл оқуын тәмамдап елге оралды. Олардың 13-і бүгінде жұмысқа қабылданып, 42-сі магистратураға тапсырды. Ал, 5-еуі жеке жағдайға байланысты ұсыныстан бас тартыпты. Сонымен бірге, тағы 14 студентті жұмысқа орналастыру бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Мәскеудегі жастармен кездесу оларға жігер сыйлағандай. Бәрі ауылдың дәмін татып, арқа-жарқа болысты. Айтылар әңгіме көп болғанымен, уақыт тығыз. Ұшақ сағаты жақындап барады. Есендік айтысып, әуежайға беттедік.
Түйін. Тоқтала айтатын бір жайт бар. Бүкіл аудан газеттері өкілдерінің басын біріктіріп, шетелге тәжірибеге жіберу осыған дейін облыс тарихында болған жоқ. Бұл–жергілікті басылымдар үшін біраз тәжірибе, мотивация. «Атың барда, желіп жүріп жер таны» деген ғой. Бұл бергені зор, түйгеніміз мол сапар болды. Мәскеу тұрғындарының айтуынша, онда бір күнге бірнеше істі жоспарлау өте ауыр. Ал, біз 3 күнде біраз нәрсемен таныстық. Осы үшін сапар бастамашыларына алғыс зор.