Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АРАЛДА АУДАНДЫҚ АУРУХАНА МЕН МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ АШЫЛДЫ

АРАЛДА АУДАНДЫҚ АУРУХАНА МЕН МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІ АШЫЛДЫ

Орталық аудандық аурухана 150 адамға, ал мектеп 300 орынға арналған.

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауданға жұмыс сапары барысында аудандық аурухана мен мектептің ашылу рәсіміне қатысты.
150 орындық аурухананың ғимараты 3 қабат, 4 блоктан тұрады. Оның ішінде терапия, хирургия, травматология, педиатрия, гинекология, инфекциялық және дерматовенерологиялық бөлімшелер қызмет көрсетеді.
Аймақ басшысы аурухана ұжымын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.
«Қазіргі таңда Елбасы тапсырмасымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында мемлекет пен жеке сектор арасында ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыруға бағытталған жұмыстар жүріп жатыр. Облыс бойынша білім, денсаулық, спорт, жалпы әлеуметтік салалар бойынша 52 нысанның жобасы әзірленіп жатыр. Өткен жылы Қазалы теміржол ауруханасының базасында Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының тұрғындары үшін ауданаралық инсульттық орталық, Байқоңыр қаласынан көпсалалы аурухана ашылды. Қажетті мамандарды резидентураға дайындау мақсатында облыс әкімінің грантын бөлдік, қазір 22 маман оқып жатыр», – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, соңғы 2 жылда медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылып, барлық аудандарда ауысымына 250 келушіге арналған емханалар мен 11 медициналық бекет салынды. Өткен жылдың желтоқсанында Қазалы аудандық орталық ауруханасы пайдалануға берілді. Облыстың денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 48 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік бекет, 27 медициналық бекет құрылысы жоспарлануда. Медициналық ұйымдарды арнайы техникамен қамтамасыз ету бойынша әлемнің кез-келген клиникасымен байланысқа түсуге мүмкіндік беретін мобильді-ота жасайтын қондырғы орнатылды. Мұндай қондырғымен республиканың 5 клиникасы ғана жабдықталған.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта облыстың медициналық мекемелерін медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көрсеткіші 45,19%-дан 73,4%-ға дейін өсті. Жалпы екі жыл ішінде 3,1 млрд.теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды.
Сондай-ақ, бүгін аудан орталығында № 14 мектеп-лицейінің ашылу рәсімі өтті. Мұнда дәрісханалардан басқа асхана, акт залы, кітапхана, спорт залы және мектеп ауласында спорт алаңы бар. Сонымен қатар, робототехника кабинеті, волейбол секциясы және шеберхана жұмыс істейді.

Аймақ басшысы ұстаздар мен ата-аналарды мектеп-лицейдің ашылуымен құттықтады.
"Дені сау және білімді, бәсекеге қабілетті ұрпағымызбен өркениетті 30 елдің қатарына кіруге толық мүмкіндігіміз болады. Мектептің жаңа ғимараты педагогикалық ұжымға білім беру жүйесінің алдында тұрған міндеттерді шешуге көмектеседі деп сенемін. Ал міндеттер өте ауқымды-бұл адам капиталын дамыту. Сарапшылардың бағалауы бойынша, Батыс Еуропа елдерінде адам капиталының жалпы ішкі өнімді қалыптастыруға қосқан үлесі 30%, АҚШ-та 40%, ТМД елдерінде ол 10-15%-ды құрайды. Бүгінде әлеуметтік-экономикалық дамудың сапалық сипаттамалары алға шығуда", – деп атап өтті облыс әкімі.
Атап өтейік, өткен жылы Арал ауданында апаттық мектептердің орнына 6 жаңа білім ұясы салынған болатын. Облыста соңғы 5 жылда 45 білім ошағы, оның 37-сі апаттық мектептің орнына салынды.
Сонымен қатар, бүгін облыс әкімі Аралдағы апатты үйлердің орнына берілген 27 жеке үйдің тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар аймақ басшысына тез арада тұрғын үй мәселесін шешіп бергені үшін алғыстарын білдірді.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айында облыс әкімі тұрғындармен кездесіп, екіқабатты апатты үйлерінің орнына жаңа тұрғын үйлер салынатынын айтқан еді. Жоғарыда аталған отбасылар қыркүйек айында жаңа баспанаға ие болды. Әр үйдің аумағы 60 шаршы метр және тұрмыстық қажеттіліктеріне арналған қосалқы учаскелері бар. Барлығына жарық жүргізіліп, су тартылған. Сондай-ақ, мердігер компания өз қаржысы есебінен табиғи газ жүргізіп, көгілдір отынмен жылытатын пеш орнатып, жерсеріктік телевизиясына қосып берді.

02 қараша 2018 ж. 2 067 0