Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар мәселесі тыңдалды

Тұрғындар мәселесі тыңдалды

Аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов қала аумағы бойынша бөлінген 3-ші сектор аймағының тұрғындарымен кездесіп, көкейде жүрген мәселелерін тыңдады.
Тұрғындар негізінен балаларға арналған спорт және ойын алаңдары қажеттігін жеткізіп, көшелерді жарықтандырып, асфальттауды сұрады. Сонымен бірге құм таситын жүк машиналарының орталық көшелермен жүруі жолдың сапасын кетіретінін айтып, №220 мектеп маңайына автотұрақ салу мәселесін ұсынды.

Аудан әкімінің орынбасары тұрғындар көтерген мәселелерге тиісінше жауап беріп, кейбір жұмыстардың орындалу барысы жөнінде түсініктеме беріп өтті.

Балалар ойын алаңын салу мәселесі назарға алынатынын айтып, жақын маңдағы №220 орта мектебінің ауласындағы алаңды пайдалану мүмкіндіктері бар екендігін жеткізді. Көшелерді жарықтандыруға байланысты Арал қаласы әкімдігі бюджетінің мүмкіндігіне қарай тиісті жұмыстар жасалатыны және асфальт төсеуге қатысты да алдымен жоба-сметалық құжаттамалары әзірленген көшелерге жөндеу жұмыстары жүргізілетіні түсіндірілді.

Құм таситын камаз автокөліктерінің жүру бағытын өзгерту үшін аудандық полиция бөліміне жауапты дербес бөлімдермен бірлесіп, жүк көліктерінің жүргізушілерімен кездесу өткізу жүктелді.

Кездесуге келген тұрғындардың басым көпшілігі тұрғын үй ауласының алдындағы қоқыс жәшіктерін өртеу жағдайлары көп кездесетінін, бұл сол маңдағы халық үшін қолайсыздық тудыратынын айтты. Осы орайда барлық тұрғындарды қоршаған ортаға зиян келтіретін әрекеттерді жасамай, қоқыс жәшіктері толған уақытта тазалыққа жауапты мекемелерге тапсырыс беруге шақырамыз.

Сектор жетекшісі қала тұрғындарын тазалық мәдениетін қалыптастыру үшін бірлескен шараларды өткізудің маңыздылығына тоқталды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
27 шілде 2022 ж. 419 0