Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БЖК–2025: Бетон зауыты қарқынды жұмыс істеп жатыр

БЖК–2025: Бетон зауыты қарқынды жұмыс істеп жатыр

Қызылорда облысында дайын бетон және темірбетон бұйымдарын шығаратын «LOUIS BETON KZ» ЖШС қарқынды жұмыс істеуде. «Бизнестiң жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында «Даму» қорының мемлекеттiк қолдаyына ие болған кешенде барлық түрдегі темiр-бетон бұйымдары, стандартты емес көлемдегi жабын плиталары және жол, тротyар жиектері, маркалы таyарлық бетондар дайындалуда, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Екі жыл бұрын іргетасы қаланған шағын зауыт аймағы жалға алынған. Мұнда негізгі қоспалар саналатын тас Жаңақорғаннан, цемент Геджубадан жеткізіледі. Жергілікті өнім болған соң аталған бұйымдардың нарықтағы бағасы әлдеқайда арзан. Соған сай тұрғындардың да бетон өнімдеріне сұранысы жоғары.

– Қазіргі таңда зауытта қырыққа жуық адам жұмыспен қамтылған. Бізде бетон бұйымдарының сапасына бейжай қарамайтын жауапты мамандар бар. Олар әзірге бір ауысымда өнімді еңбек етіп, облыстың экономикалық әлеуетінің артуына ықпал етуде, – дейді «LOUIS BETON KZ» серіктестігінің директор Дәулет Асанұлы.

Айта кетейік, зауытта қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған. Мысалы, кәсіп иелері жұмысшылардың көлікпен, түскі аспен қамтамасыз етілуіне баса назар аударған. Әрі салық, медициналық сақтандыру қорына берілетін төлемнен бөлек қызметкерлер 150-300 мың теңге көлемінде жалақы алады.

Кешенде өндірілетін бұйымдарға сұраныс жоғары. Алдағы уақытта бетон зауытына тапсырыстың көлеміне сай екі ауысымды жұмыс режимін енгізу жоспарланып отыр. Бірақ кәсіп иелері екінші ауысымға жұмысшылар таппай отырғанын айтып, кешендегі негізгі мәселені бөлісті. Қазіргі таңда жұмыссыз жастардың саны аз емесін ескерсек, бетон зауытында бос жұмыс орнының болуы үлкен мүмкіндік екені рас. Осы орайда зауытта дайын бетон өнімдерін басқаратын Айбектің еңбек жолы жастарға үлгі.

«LOUIS BETON KZ» серіктестігіне келмес бұрын аймақтағы «Мелиоратор» мекемесінде қатардағы жұмысшы болып қызмет еттім. Екі-үш жыл тәжірибе жинаған соң, бір цехтың тізгінін ұстадым. Тек еңбек ете беру керек. Еңбек бар жерде береке болады», – дейді Айбек Бажиев.

syrboyi.kz
01 тамыз 2022 ж. 512 0