Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды

Ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлері тыңдалды

Аудан әкімінің елді мекендерді аралау сапары бүгін Мергенсай ауылдық округінен басталды.
Аудан басшысы әдеттегідей ауыл тұрғындарына өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша аудан даму көрсеткіштерінен аймақ бойынша үшінші орынға тұрақтады. Ауданда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер жүз пайызға орындалған. Ауылшаруашылығы саласында да тұрақты өсім қалыптасып, мал басы да артып келеді. Егін шаруашылығын дамыту қолға алынып, 11 ауылдық округте бақша дақылдарымен мал азығы жоңышқа шөбі егілді. Олардың алғашқылары өнімдерін алуда.

Мұнымен бірге аудан басшысы Тастүбек және Жалғызағым елді мекендерінде медициналық бекет құрылысы жүргізіліп, жақын арада пайдалануға беретінін жеткізді.
Мергенсай елді мекеніне барар автожолға қатысты жоба-сметалық құжаттамасы қайта жасалып, жатқанын айтып, алдымен өткен жылы басталған елді мекендердің және жобалары дайын тұрған автожолдардың құрылысы аяқталатынын түсіндірді. Сонымен бірге демеушілер есебінен жолды тегістеп шығу мүмкіндіктері қарастырылатынын білдірді. Ал мектеп мәселесіне қатысты салынуы қажет ететін білім беру нысандарының қатарына енгізілгенін, алдымен апатты жағдайдағы мектептерден соң жаңа типтік жобадағы ғимарат салу кезектілігіне сәйкес жүргізілетінін айтты.

Мұнан кейін аудан әкімі Сапақ және Аралқұм ауылдық округтерінің халқымен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.
Кездесуде Көктем ауылының халқы үшін көптен күткен жаңалық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы бөлініп, мердігер мекеме анықталып, жақын күндері құрылыс жұмыстары бастау алатынын жеткізді.

Сапақ ауылдық округінде де тұрғындар тарапынан мектеп мәселесі, Көктем елді мекеніне дейінгі автожол, көгілдір газ және балабақшаны бөбекжай етіп ашу мәселелері көтерілді. Сонымен бірге ауылда медициналық тексерістен өтіп, сынамаларды тапсыру үшін Аралқұм елді мекеніне бару қиындық тудыратыны айтылды. Бұл мәселеге қатысты аудандық аураухананың бас дәрігері ауылда халық санына байланысты медициналық бекетте ондай қызмет жоқ екенін түсіндіріп, аудан орталығы арқылы халық үшін тиімді тұстары жасалатынын білдірді. Жиында айтылған қыс мезгілінде жеткізілетін көмір отынының сапасын бақылау тиісті сала мамандарына жүктелді.
Аудан әкімі елді мекеннен жаңа мектеп салу үшін өңірде салынуы жоспарланған 9 мектептің алғашқы қатарында екенін түсіндіріп, тиісті жұмыстар жасалатынын назарға салды.Көгілдір отынмен қамтамасыз ету кент және ауылдық округтерде халық санына орай кезектілігімен жүргізіліп келе жатқанын айтты. Көктем елді мекеніне дейін жол салу үшін жасалған жоба келер жылға дейін жарамды екенін айтып, бірінші кезекте дайын жобалар қаржыландырылып, басталған жол құрылыстары аяқталатынын жеткізді.

Аралқұм тұрғындары құм көшкінін тоқтату үшін ауыл маңына егілген сексеуілдердің пайдасы мол екендігін айтып, ары қарай жалғастыруды сұрады. Мұнымен бірге ауылдық клуб, спорт алаңы қажеттігін айтып, мал жайылымы аздық ететіні қозғалды. Ауыл сыртына Сексеуіл егу жұмыстарыХалықаралық Аралды құтқару қоры арқылы жүргізілген болатын, бұл жұмыстарды жалғастыру үшін аталған қорға ұсыныс беріліп, нәтижесі күтілуде.Сондай-ақ, алдымен өзге елді мекендердегі апатты жағдайдағы ауылдық клуб ғимараттары салынатыны түсіндіріліп, спорт алаңын салу үшін де мүмкіндіктер қарастырылатыны айтылды. Ал жайылымдық жерлерге қатысты ауылшаруашылығы және жер бөлімдеріне тиісті зерделеу жүргізіп, ұсыныс енгізуі тапсырылды.
Атап өтейік, ауылдық округтерде көтерілген ұялы байланыс қызметі сапасына қатысты жауапты байланыс операторларына ұсыныс беріліп, байланыс сапасын арттыру бойынша шаралар қабылданып жатқаны жеткізілді.


"Толқын" ақпарат

10 тамыз 2022 ж. 454 0