Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол құрылысы жұмыстары талапқа сай орындалуы тиіс

Жол құрылысы жұмыстары талапқа сай орындалуы тиіс

Аудан әкімі С. Сермағамбетов Арал қаласының орталығындағы Бақтыбай батыр көшесіне жүргізіліп жатқан жаяу жүргіншілер жолы мен И. Панфилов көшесі бойындағы автокөлік жолының орташа жөндеу жұмыстарын бақылады.

Аралау барысында мердігер мекеме өкілі мен жауапты сала басшыларына жаяу жүргіншілер жолына кедергі келтірмес үшін электр бағаналарын қолайлы орынға жылжытуды және көше бойындағы кәсіпкерлік нысандардың кіреберіс баспалдақтары мен пандустарының талапқа сай орнатылуын қадағалауды қатаң түрде тапсырды.

Кәсіпкерлік нысан иелері мен мердігер мекеме арасында келісім орнату арқылы өз аумақтарын абаттандыруды міндеттеді. Сондай-ақ, қоғамдық тамақтану орындарының маңы мен басқа да керекті орындарға қоқыс жәшігін орналастыру қажеттігін айтты.

Сонымен бірге, тұрғын үйлерге де көше тазалығын сақтап, қажетсіз заттарды аула сыртына ретсіз түсірмеу жөнінде түсіндірме жұмыстарын үйлестіруді жүктеді.

И. Панфилов көшесін орташа жөндеу жұмыстары барысында автомобиль жолы толықтай жөндеуден өткізіліп, екі жақ беткейіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, көше бойына жарық шамдары орналастырылатын болады. Қазіргі таңда жол құрылыс жұмыстары «Арал құрылысы» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан жүргізілуде.

"Толқын" ақпарат

18 тамыз 2022 ж. 629 0