Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тапсырмалар тиянақты орындалуы тиіс

Тапсырмалар тиянақты орындалуы тиіс

Бүгін аудан әкімі С.Сермағамбетов Арал қаласындағы жаңадан салынатын көппәтерлі тұрғын үйлердің орнын көріп, кәріз су құбырларын жүргізу жобасымен танысты. Аудан орталығындағы бірнеше көшені аралап, жауапты мамандарға тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыруды, бағдаршамдар мен жол белгілерін жаңартуды тапсырды.

Аудан басшысы алдымен Бақтыбай батыр көшесіне барып, бірқатар кемшіліктерге көз жеткізді. Атап айтсақ, жаяу жүргіншілер жолы талапқа сай емес әрі ретсіз орналасқан. Электр бағаналары да жүргіншілерге кедергі келтіріп тұр. Сонымен қатар орталық көшедегі бірнеше кәсіпкерлік нысан электр сымдарының астына жақын орналасқан және ғимарат алдарына қоқыс жәшігі қойылмаған. Осы ретте жауаптыларға бұл олқылықтарды тез арада жөндеп, ойылған асфальтты қалыпқа келтіру тапсырылды. Алдағы уақытта Бақтыбай батыр көшесін қайта жаңғырту жұмыстары аясында автокөлікке арналған төрт жолақты жол және велосипедпен жүруге арналған жол салынып, соңғы үлгідегі түнгі жарық шамдар мен бағдаршамдар орнату жоспарлануда. Сондай-ақ Бақтыбай батыр, Жетес би, Т. Әлімбетов көшелерінің қиылысындағы бағдаршамдар мен жол белгілерін жаңалап, базар маңына арнайы автотұрақ жасау керектігін айтты. Алдағы уақытта Бақтыбай батыр көшесіндегі көпқабатты үйлердің қарсы бетіне жаңадан көппәтерлі тұрғын үйлер бой көтермек. Сондықтан бұл аймақтағы жұмыс істемей тұрған бос ғимараттар мен ойын алаңдарының орны ауыстырылмақ.

Аудан әкімі мұнан соң К. Дәрібаев көшесіне табан тіреп, мамандармен бірге осы маңда салынатын тарихи өлкетану мұражайы, кітапхана және көп қабатты тұрғын үйлер мен оларға жүргізілетін кәріз су құбырларының жобаларын талқылады. Аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі мен аудандық жер қатынастары бөліміне тұрғын үйлердің орналасуын жан-жақты зерделеп, барлық тиімді тұстарын қарастырып, үйлер салынатын орынды нақты белгілеуді тапсырды. Ал, қала әкіміне Е.Ермаханов көшесіндегі бұрынғы №199 мектептің бұзылған ғимаратының орнын тазалау қажеттігін айтты. Сырым батыр көшесіндегі құлаудың алдында тұрған электр бағанасы аудан әкімінің назарына ілікті. Аудан басшысы жауапты маманға қауіпті бағананы тез арада жаңартуды тапсырды. Сондай-ақ А.Байтұрсынов емханасының алдындағы бос жатқан жердің қоршауын алып тастап, ауласын реттеу керектігін айтты. Себебі, бұл жерлерге де алдағы уақытта көппәтерлі тұрғын үйдің құрылыстары жүргізілмек. Ал, М. Мақатаев көшесіндегі құрылысы аяқталмаған мұражайды қайта қалпына келтіріп, кәсіпкерлер үйін ашу жоспарда бар. Сол себепті осы жерге кәріз су құбырлары тартылмақ. Жобамен танысқан аудан әкімі құрылыс жұмыстарына кедергі келтіретін қоршауларды алып тастау керегін айтып, кәріз су құбырларының маңызына тоқталды. Қала көшелерін аралау барысында қала архитектурасына түзулігі сәйкес келмейтін бірнеше кәсіпкерлік нысандардың баспалдақтарын реттеуді және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустардың барлық талаптарға сай орналасуын қадағалауды жауапты басшыларға жүктеді.

Аудан басшысы Әбілхайыр көшесіндегі №19 көпқабатты тұрғын үйдің жағдайымен де танысты. Сала мамандарымен бірге үйлерді қайта жаңғыртудан өткізу, көшені абаттандыру, осы маңда орналасқан орталық мешіт алдына арнайы автотұрақ салу жобаларын талқылады. Көшелердің тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстары тікелей қала әкіміне жүктелді.



Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

16 ақпан 2022 ж. 402 0