Қостанай облысында бір тәуліктен бері өрт сөндіріліп, адамдар қауіпсіз аумаққа көшіріліп жатыр
Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы орман шаруашылықтарының бірінде қарағай мен құрғақ шөп тұтанып, арты алапат өртке ұласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қостанай облысында орман өрті 2 қыркүйек күні басталды. Сағат 15:10-да Басаман және Семиозерное шаруашылықтарының аумағында ағаш пен құрғақ шөп өртенді.
«Осы күні бір жағы күн 36 градусқа дейін қатты ысып, жел секундына 26 метрге дейін күшейіп, метеорологиялық жағдай күрделене түсті. Өртенген аумақтың көлемі 9 400 гектарды құрады. Орманың жалпы аумағы 70 мың гектар»,-деді ТЖМ өкілдері.
Оқиға орнында жедел штаб құрылып, оның құрамына ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мен өзге де бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары кірді. Өртті сөндіруге Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы жұмылдырылды.
Өрт орман алқабынан елді мекендерге тарап, жағдайды күрделендіре түсті. Осыған байланысты негізгі күш Аманқарағай мен Новонежинка елді мекендерін өрттен қорғауға жұмылдырылды.
Озерное ауылынан 1841 адам, Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен 1000 адам, Калинино ауылынан 228, Лесное ауылынан 363 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Эвакуацияланғандардың барлығы Әулиекөл орта мектебі мен мектеп-интернатына орналастырылды және олар тамақпен қамтамасыз етілді.
Кешірек Юрий Ильин өрттің елді мекендерге тарап, өрт сөндірушілер 60 үйді өрттен аман алып қалуға күш салып жатқанын хабарлады.Өрттен зардап шекккендерге аймақта шұғыл желі іске қосылып, психологтардың жұмысы ұйымдастырылды.
Жолдың нашар көрінуіне байланысты билік өкілдері «Қостанай- Әулиекөл» трассасын жауып тастады.Қостанай облысына 15 автоцистерна, екі вахта автобусы, 1 қызметтік көлік, Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаментінен 98 адам жіберілгені хабарланды.
«Сағат 22:00-дегі жағдай бойынша Әулиекөл ауданына Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 9 техника мен 50 адам келді. Солтүстік Қазақстаннан 6 техника мен 50 адам, қосымша Атбасар мен Новоишимка ауылдарынан екі өрт сөндіруші пойыз келді. Сағат 21:00-де №51 және №82 жолаушылар пойыздары тоқталды»,-деп хабарлады ТЖМ жедел штабынан.
Жергілікті әкімдік қазір жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялау мәселесін ойластырып жатыр.
Қостанай облысында сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуы керек болатын Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығымен байланысты іс-шаралар да кейінге қалдырылды.
Мемлекет басшысы мұнда енді басқа мақсатпен, яғни өртпен күрес бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысу үшін келеді.
Үкімет төтенше жағдайдың салдарымен күреске қаржы бөлетін болады.
kyzylorda-news.kz