Аралда су ресурстарын сақтауға арналған жоба жүзеге асырылуда
Қазіргі таңда Сырдария өзені мен Арал теңізінің су айдындарында балық аулауға арналған полиамидті торлар мен суда ыдырамайтын пластикалық бұйымдардың болуы экологиялық жағдайды нашарлатуда. Осыған орай «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен су ресурстарын сақтауға арналған жоба жүзеге асырылуда.
Америка құрама штаттарының «USAID» қорының демеушілігімен су қоймаларындағы қажетсіз заттармен қалдықтарды тазартуға арналған құрылғы және су ішінде көруге арналған камера алынған (дрон) болатын. Аталған қор өкілдері ауданға жасаған сапары барысында Ақшатау көліне барып, осы құрылғылардың жұмыс жасау барысын көрді. Сонымен бірге, «Жамбыл» өндірістік кооперативінің инкувациялық цехының жұмысымен танысып, су тоғандарын аралады.
Атап өтейік, бұл жоба 3 кезең арқылы іске асырылуы көзделген. Су ресурстарын тазалау, алынған қалдық заттарды өңдеу және табиғат пайдаланушылар мен балық аулаушыларға су ресурстарын таза ұстау жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Жоба аясында Арал қаласында пластикалық қалдықтарды қайта өңдеп, өзге де өнімдер шығару үшін арнайы цех салынатын болады.
"Толқын" ақпарат