Аралда балық өсіретін инкубациялық цех іске қосылды

Ауданның кәсіпкерлік бағытындағы жұмысына қарқын беріп келе жатқан ата кәсіптің мүмкіндігін молайту мақсатында тағы бір жоба басталды. «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен балық қорын көбейту мақсатында жазылған жоба жемісін беріп, «Ғаламдық экологиялық қордың» қаржылай қолдауымен Ақшатау ауылында көлемі 16х30 метр болатын балық шығаратын инкубациялық цех салынды. Бұл цехқа Ресейден УЗВ аппараттары алынып қондырылды. Жобаның жалпы құны – 21 млн теңгені құрап отыр. «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнагүл Баймаханова жобаны жүзеге асыру бағытында 11 млн қайтарымсыз грант ұтты.
Аталған цехтың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандағы балық шаруашылығының дамуы жайында айта келе цех жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, ауданнан шыққан алғашқы балық шаруашылығы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Саржанов игі тілегін арнады.
Жоба серіктестері «Жамбыл» өндірістік кооперативі, дара кәсіпкер Игіліков Төребек бірлесе атқарылатын жұмысты орындаушы «Қазалы Уазис» қоғамдық бірлестігі болмақ. Алынған дернәсілдер теңіздің Арал және Қазалы аумағындағы айдындарына жіберілетін болады. Биылғы жылы іске қосуды жоспарлап отырған бастама аясында 12-15 млн дана личинкалар өсіп шығады деп күтілуде.
Айта кетейік, «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Баймаханованың бастамасымен ұсынылған 5 жоба да қолдауға ие болса, соның 3-еуі балық шаруашылығына қатысты. Өткен жылы шарбақтап балық өсіру жобасы негізінде Қаратерең ауылдық округінде Батырхан Прекеев өз кәсібін кеңейтсе, одан бөлек 200 қыз-келіншек балық өңдеу мамандығы бойынша кәсіби білім берілуде.

