Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық өсіру жолға қойылмақ

Балық өсіру жолға қойылмақ

Теңізі қалыпқа келіп, тұрғындардың қажетіне жараған халық бүгінгі таңда айдыннан су маржанын сүзіп, нәпақа табуда. Тек балықшылықпен ғана айналысып қоймай, оны өңдеу, пайдалану мақсатында да бірқатар кәсіп көздерін тауып, аудан экономикасына дем беріп келеді.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
Қазіргі таңда Арал балықшылары жылына жеті мың тоннадай балық ауласа, оның екі мың тоннасын экспорттайды. Осы мақсаттаауданда жылдық қуаттылығы 19 мың тонна балық өңдеуге қауқарлы 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Міне, сол зауыттардың жұмысы нәтижесінде теңізді өлкенің балығының дәмін тату бақыты тек Қытай мен ТМД елдерінің ғана емес, Еуропа халқына да бұйырып отыр.
Ауданның кәсіпкерлік бағытындағы жұмысына қарқын беріп келе жатқан ата кәсіптің мүмкіндігін молайту мақсатында тағы бір жоба басталды. «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен балық қорын көбейту мақсатында жазылған жоба жемісін беріп, «Ғаламдық экологиялық қордың» қаржылай қолдауымен Ақшатау ауылында көлемі 16х30 метр болатын балық шығаратын инкубациялық цех салынды. Бұл цехқа Ресейден УЗВ аппараттары алынып қондырылды. Жобаның жалпы құны – 21 млн теңгені құрап отыр. «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнагүл Баймаханова жобаны жүзеге асыру бағытында 11 млн қайтарымсыз грант ұтты.
Аталған цехтың ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудандағы балық шаруашылығының дамуы жайында айта келе цех жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ, ауданнан шыққан алғашқы балық шаруашылығы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Қ.Саржанов игі тілегін арнады.
Жоба серіктестері «Жамбыл» өндірістік кооперативі, дара кәсіпкер Игіліков Төребек бірлесе атқарылатын жұмысты орындаушы «Қазалы Уазис» қоғамдық бірлестігі болмақ. Алынған дернәсілдер теңіздің Арал және Қазалы аумағындағы айдындарына жіберілетін болады. Биылғы жылы іске қосуды жоспарлап отырған бастама аясында 12-15 млн дана личинкалар өсіп шығады деп күтілуде.
Айта кетейік, «Арал теңізі» балықшылар қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Баймаханованың бастамасымен ұсынылған 5 жоба да қолдауға ие болса, соның 3-еуі балық шаруашылығына қатысты. Өткен жылы шарбақтап балық өсіру жобасы негізінде Қаратерең ауылдық округінде Батырхан Прекеев өз кәсібін кеңейтсе, одан бөлек 200 қыз-келіншек балық өңдеу мамандығы бойынша кәсіби білім берілуде.
20 маусым 2020 ж. 1 049 0