Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Заңсыз балық аулағандар жазаға тартылады

Заңсыз балық аулағандар жазаға тартылады

Кіші Арал теңізінде және облыстың су айдындарында браконьерліктің алдын алу жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Облыс әкімімен бекітілген іс-шаралар жоспары 1 қазаннан бастап өз күшіне енетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша қазан айы балық аулау науқаны. Науқан кезінде Кіші Арал теңізі мен жергілікті маңызы бар су айдындарында жұмысшы топпен зерделеу жұмыстары жүзеге асырылады. Жұмысшы топ мониторинг барысында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, заңсыз балық аулағандарға оны сақтап, тасымалдағандарға қылмыстық және әкімшілік жауаптылық қаралатындығы жөнінде заңнама талаптарын халық арасында түсіндіреді. Сонымен қатар Арал, Қазалы аудандарында орналасқан балық өнімдерін сақтауға арналған шаруашылық субъектілеріне де талдау жасап, өнімдерді экспорттау кезінде заңдылықтың сақталуын да назарға алады.
Балық броконьерлігіне қарсы құқық қорғау саласымен бірге тиісті шаралар жүргізілгенімен балық оның ішінде көксерке броконьерлігі тоқтар емес дейді облыстық табиғат қорғау прокуроры Дабыл Аянұлы.
«Биыл Арал ауданының полиция бөлімімен заңсыз балық аулаудың 9 фактісі анықталды. Оның 3-не қылмыстық іс қозғалды, қалғаны тергелуде. Сонымен қатар 23 қыркүйекте жүргізілген рейд барысында Шиелі ауданында орналасқан «Телкөлканалы-3» көпірінен аудан тұрғындарының автокөліктерінен 3 қапқа салынған балық, 2 дана аккумулятор, 1 дана қолдан жасалған балық аулауға арналған тоқ аппараты, өткір шам, 2 дана резеңке қайық және қытай аулары табылды», – деді прокурор.
Айта кету керек, броконьерлік әрекеттерге қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделген. Балық ресурстарын заңсыз алғандарға белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға дейінгі мерзімге айырып, 160 айлық есептік көрсеткіштен (404 000 тг) 2000 АЕК (5 050 000 тг) дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Сондай-ақ 160-600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылып, 40 тәулікке дейін қамаққа алынуы мүмкін. 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да көзделген.

kyzylorda-news.kz
27 қыркүйек 2021 ж. 371 0