Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан орталығында сенбілік өтті

Аудан орталығында сенбілік өтті

Бүгін дүниежүзілік «WORLD СLEANUP DAY 2022» тазалық акциясы еліміз бойынша бір уақытта басталды. Ауқымды шара айдынды өлкеде де жалғасты. Акцияның мақсаты – тазалықты сақтау бойынша кешенді шаралар қабылдау мен «Жасыл» экономика қағидатын қалыптастыру.
Осыған орай, аудан орталығында тазалық шарасы арнайы бөлініске сәйкес өткізілді. Сенбілік барысында аудан әкімі Серік Сермағамбетов тазалықты ретке келтіру бағытында жасақталған қала аумағын 8 сектор бойынша аралап, жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылап шықты. Аудан басшысы жауапты сектор басшыларына әрбір тұрғын үй бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тұрмыстық қалдықтарды тиісті мекеме арқылы арнайы полигонға төктіру бағытында жүйелі жұмысты үйлестіруді тапсырды. Сондай-ақ аудан әкімі туған қаланы таза ұстау үшін тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, барша тұрғындардың ортақ ісі екендігін де жеткізді.
Қала аумағын аралау барысында аудан әкімі Серік Сағитжанұлы сенбілікке үлес қосып жүрген балғындармен тілдесті. Қазақтың көрнекті жазушысы Б. Майлин есімін иемденген көшенің бүлдіршіндері бірігіп өз аулаларына әрдайым тазалық жұмыстарын жүргізетіндігін айтты. Өз кезегінде аудан басшысы өзгелерге үлгі болып, тазалық мәдениетін сақтап, тұрғын-үй аумағын қоқыстан тазартып жүрген балаларға алғысын білдірді.
Айта кетейік, аудан орталығында өткізілген сенбілік шарасына жалпы 800-ге жуық мемлекеттік мекеме қызметкерлері атсалысып, 6 арнайы техника көмегімен жиналған лас-қоқыстар тиісті орындарға шығарылды.
Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Сондықтан, алдағы тазалық шараларына аудан тұрғындарын бірлесе атқаруға шақырамыз.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
18 қыркүйек 2022 ж. 448 0