Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылорда: Актив отырысында сала басшылары таныстырылды

Қызылорда: Актив отырысында сала басшылары таныстырылды

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен актив отырысы өтті. Жиында Сыр еліне арнайы келген ҚР Қаржы министрлігінің аппарат басшысы Абзал Бейсенбекұлы Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің жаңа басшысы ретінде Аманов Ғани Мырзақабылұлын таныстырды.

Ғани Аманов 1979 жылы Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген.

Алматы су шаруашылық техникумын есепші, Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін құқықтану және Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша бітірген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құқықтану магистрі.

Еңбек жолын 2003-2006 жылдары Алматы облысының Талдықорған қаласы бойынша Салық комитеті заң бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы қызметтерінен бастаған.

2018 жылға дейін Алматы облысы, Астана және Алматы қалаларында Салық департаментінің басқарма бастығы жауапты қызметтерінде жұмыс жасаған.

2018-2021 жылдар аралығында «Астана ЭКСПО 2017» корпоративтік қорының Бас директоры, Bolashaq Investment компаниясының атқарушы директоры қызметтерін атқарған.

2021 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Кадр және ішкі әкімшілендіру департаментінің директоры қызметін атқарып келді.

Бұған дейін Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысы қызметін атқарған Орынов Ғалымжан Қалдыкөзұлы ротация тәртібімен республикамызда жаңадан құрылған Ұлытау облысына департамент басшысы лауазымына тағайындалды.

Басқосуда «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының бұйрығымен «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалы директоры лауазымына тағайындалған Абибуллаева Аида Ибрагимқызы таныстырылды.

Аида Абибуллаева еңбек жолын 1998 жылы Сот орындаушылар мен приставтар департаментінің сот орындаушысы ретінде бастаған.

2000-2004 жылдары ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының прокуроры, аға прокуроры.

2004-2007 жылдары Қызылорда облысының Әділет департаментінің Жалағаш аудандық әділет басқармасының басшысы.
2007-2017 жылдары «Халыққа қызмет көрсету орталығы» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры, 2017 жылдан осы жылдың қыркүйек айына дейін «Қазпошта» АҚ облыстық филиалының директоры қызметін атқарып келді.
Аида Ибрагимқызы жауапты қызметпен қатар халық аманатын арқалаған облыстық мәслихат депутаты.
Бұған дейін мемлекеттік корпорацияның облыстық филиалының директоры қызметін атқарған Тобаева Айнұр Шорабекқызы биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап орталық аппаратына басқарма төрағасының орынбасары басшылық лауазымына ауысқан.

Аймақ басшысы жаңа қызметке кіріскен сала басшыларына сәттілік тілеп, мемлекет мүддесіне қызмет етудің асқан жауапкершілік екенін еске салды.

«Әрбір азамат туған еліне адал еңбек етіп, перзенттік борышын өтеуді парыз санайды. Бұл ретте жерлесіміз Ғани Мырзақабылұлы жауапты қызметтің тізгінін ұстап, ел игілігі үшін қызмет етуге келді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев салық түсімін өңірлердің өзіне бере бастағанын айтып, бұл жұмысты жалғастыру қажеттігіне ерекше тоқталды. Алдағы уақытта осы салада бірлесіп атқаратын жұмыстар жеткілікті. Департамент басшысы қызметіне тағайындалған Ғани Мырзақабылұлы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай қызмет етеді деген сеніміміз мол. Бүгінгі күнде «Азаматтарға арналған үкімет» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыстық филиалында 1000-ға жуық қызметкер жұмыс жасап, жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтерді «бір терезе» қағидаты бойынша көрсету, жылжымалы мүлік кепілін тіркеу, ғимараттар мен құрылыстарды техникалық тексеру, мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру жұмыстарын жүзеге асырады. Аида Ибрагимқызы өзінің осы уақытқа дейін жинақтаған мол тәжірибесін пайдалана отырып облыстағы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтереді деп сенім артамыз. Сіздерді жаңа қызметтеріңізбен құттықтай отырып, алдағы атқарар жауапты жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз, - деді Нұрлыбек Нәлібаев.
12 қазан 2022 ж. 403 0