Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың өзекті мәселелері ұдайы назарда

Ауылдың өзекті мәселелері ұдайы назарда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың қала, кент ауылдық округтерде 9 айдың қорытындысы бойынша халықпен кездесулері басталды.
Аудан басшысының алғашқы іс-сапары алдымен Аққұм ауылдық округінде өтті. Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан әкімі жыл басынан бері өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндады.
«2022 жылдың 9 айдың қорытындысымен ауданға 9,3 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім артқан. Жалпы биылғы жылы өңірімізге 16,5 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарда бар. Алдағы уақытта бюджет қаражатына деген тәуелділікті төмендету мақсатында тартылатын инвестицияның 75%-нан астамы жеке сектор қаражатын құрайтын болады»,- деді Серік Сағитжанұлы.
Сонымен қатар Шижаға елді мекеніне газ желісін тарту жоспарлы жұмыстардың бірі әрі негізгісі екендігін жеткізіп, ол бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Жиын соңында аудан басшысы ауылдың негізгі деген өзекті мәселерін тыңдап, жеке азаматтардың сұрақтары бойынша жеке қабылдау өткізді.
Іссапар барысында елді мекендегі ескі мәдениет үйі мекемесін кәсіпкерлер арқылы қайта жаңғыртып, балабақша ашу мәселесін де пысықтады. Белгіленген жоспар бойынша бөбектерді мектепке дейінгі тәлім-тәрбиемен толықтай қамту үшін ауыл әкіміне тиісті мердігермен жүйелі жұмыс жасау қажеттігін тапсырды.
Мұнан соң, ауылдық округтегі №57 Е. Көшербаев атындағы орта мектепте болып, білім ұясының жылыту маусымына дайындық барысын саралады. Серік Сағитжанұлы ғимараттың сұйық отынмен толықтай қамтылуы үшін мектеп директорына тапсырма берді.
Аудан әкімінің тұрғындармен кезекті кездесуі Мергенсай ауылдық округінде жалғасты. Елді мекен тұрғындары өзекті деген байланыс және жол мәселесін көтерді. Өз кезегінде аудан әкімі Серік Сермағамбетов интернет желісін жетілдіру бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ның аймақтық филиалымен бірлескен іс-шаралар жүргізілуде екендігін тілге тиек етті. Ал, аудан орталығын байланыстыратын тас жолға байланысты демеушілер есебінен жолды тегістеп шығу мүмкіндіктері қарастырылатындығын жеткізді.
Бұл ауылда да тұрғындардың жеке мәселелері бойынша қабылдады. Онда ауыл тұрғыны аудан орталығынан медициналық оңалту бөлімінің қажеттілігін көтерді. Бұл мәселе бойынша аудан басшысы арнайы жоба әзірлену үстінде екендігін айтты.
Жұмыс жоспары барысында аудан әкімі ауыл маңындағы су ұңғымасына барды. Айта кетейік, ауылдағы мал шаруашылығымен айналысушылар үшін бұл үлкен көмек. Себебі төрт түлікті кәсіп еткен шаруаларға мал суғару осы кезге дейін мәселе болып келген.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі 
12 қазан 2022 ж. 357 0