Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақсаты айқын мектеп

Мақсаты айқын мектеп

Оқырман қауым жақсы біледі. «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бастама көтеріп, облыс әкімдігі қолдау көрсетуінің нәтижесінде үстіміздегі жылдың қыркүйек айында серіктестікке қарасты басылым журналистері Астана қаласына 2 күндік іссапармен барған еді. Онда Сыр бойынан келген өкілдер бірқатар маңызды нысандарды аралап, Назарбаев университетінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан-ды.
Иә, қарашаның 21 жұлдызында облыстық, аудандық газеттердің бас редакторлары «CIS» халықаралық мектептер кеңесіне мүшелікке енген білім ұясының тыныс-тіршілігімен танысты. Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ашылғанына 5 жыл толса да, еліміз бойынша  көш бастап тұрғанын атап өткеніміз жөн. Еңселі ғимарат алдында шығармашылық ұжым мүшелерін қарсы алған мектеп директоры Бақыт Жұматай білім ұясының оқу процесіндегі ерекшеліктеріне айрықша тоқталды. Өз кезегінде ол зияткерлік мектебінің бүгінгі таңдағы жемісті жетістіктерін кеңінен баяндап, шәкірттерді өркениет көшіне ілестіру тұрғысында атқарылған істерді жеткізе келе:
–Бүгінгі күні мектепте 7-12 сыныптар аралығында 680 оқушы үш тілде тереңдетілген білім алу үстінде. Барлығы дерлік ғылыми жұмыстармен айналысып, қабілет-қарымдарын республикалық, аймақтық олимпиадаларда дәлелдеп жүр. Техникалық көрмелерде де оқушыларымыз топ жаруда. Тағы бір айта кетерлігі, шәкірттерге Канада, Филиппин, Уганда, Кения сынды шет елдік мамандар дәріс беріп, болашақ иелерінің ой-танымын кеңейтуге атсалысуда,-деп басты мақсат қабілетті жастардың әлемдік деңгейде шыңдалуына тамшыдай болса да үлес қосу екенін алға тартты.
Бұдан бөлек, ол биылғы 132 түлектің 100 пайызы жоғары оқу орындарына түсіп, әлемдегі 8 мемлекеттің білім грантына иелік еткенін зор мақтанышпен әңгімеледі. Көрген жанның көзі тоймайтын білім ұясында әрбір сабақ зертханалық жұмыспен жалғасатыны  ә дегеннен-ақ байқалады. Оқушылар теория жүзінде алғанын практикамен ұштастыруды жолға қойған. Назарбаев зияткерлік мектебінің тағы бір артықшылығы NIS-Programme GeneraI Certihcate oJ Education A-LeveI деңгейіне сәйкестігін растауы кемел келешекке  жол ашқан.
Оқушылардың басым бөлігі түрлі тәжірибелер арқылы алған білімдерін тереңдете түсуде. Бұл–әмбебап өнердің бүге-шігесін меңгергендіктің айқын көрінісі. Ал, енді бірқатар шәкірттер IT робототехника саласын дамытуға ден қойса, тағы бір алғыр оқушысы қаладағы автотұрақ мәселесін шешуге қатысты тың ойын жүзеге асыруға жұмыс жасауда.
Жалпы, Назарбаев зияткерлік мектебінде барлық жағдайлар қарастырылған десек, артық айтқандық емес. Дарынымен дараланып, білімімен ерекшеленген өрендер шығармашылықпен шұғылданып, аймақ абыройын асқақтатуға қолтаңбаларын қалдырып жатқанын экскурсия барысында көз жеткіздік. Кітапхана сөрелерінде рухани сусындауға қажеттінің барлығы бар. Кең залда асхана орналасса, енді бір тұста жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жол ашқан спорт залдары орын тепкен. Жатақхана да жанға жайлы.
 «Жақсыны көрмек үшін» деген тәмсіл жетегінде. Сол қанатты қағидаға сүйеніп, еңселі ғимарат ішіндегі жүйелі жұмыстармен танысқан біздер көп нәрсені көңілге түйдік. Мектеп басшылығының іскерлік болмысына сүйсіндік. Оқушылардың еңселі ертеңге деген қызығушылығына тамсандық. Әр шаңырақтың үкілеген үміттерін тәрбиелеген білім ұясының болашағына сендік.
А. Жайшылық.
26 қараша 2018 ж. 807 0