Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ жайлы деректер

ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ жайлы деректер

Ел билеу ісінде өзінің сарабдал саясатымен әлемнің бірқатар басшылары арасында мәртебелі орынға ие Нұрсұлтан Назарбаевтың бізге мәлім де беймәлім қыры туралы сөз қозғасақ.
Елбасы өмірге келгенде 5 келі болып туылған және ол бала кезінде ұшқыш болуды армандаған. Оның мектептен алған аттестатында бір пәннен ғана 4 болған. Мектепті бітіргеннен кейін химик болуды жоспарлаған көрінеді. Сондай-ақ, ол Днепродзержинскіде оқып жүрген кезінде күрестен Украинаның спорт шебері атанған. Елбасы 22 жасында бірінші рет шет елге шығып, Финляндияға барған. Нұрсұлтан Назарбаев жоғары оқу орнының сынағынан өте алмай қалып, банкте 2 ай қарауыл болып қызмет істеген екен.
Нұрсұлтан – ата-ананың тілеуімен туған бала. Анасы Әлжан Әбішке тұрмысқа шыққаннан кейін бес жылға дейін құрсақ көтермей, Алладан бала тілеумен болады. Шын тілек қабыл болса керек, көп ұзамай, Әлжан ана түс көреді. Түсінде теңіз түбінен мылтық тауып алып, оны күйеуі Әбішті қуантайын деп асынып алған екен. Ояна келе, ет-жақын туыстарына жорытады. Олар: «Түсің жақсы екен. Құдай сендерге ұл берер» дейді. Көп ұзамай дүниеге Нұрсұлтандай ұл келеді.
Елбасының әкесі Әбіштің бағбан болғанын білесіз бе? Әбіш бір ағашпен екіншісін будандастырып, түрлі жеміс ала беретін бау-бақшаның нағыз білгірі болған. Әкесі туралы Елбасы: «Жұрт біздің баққа келіп, керемет өсіп тұрған таңғажайып жемістерді немесе бір жағында кәдімгі апорт алмасы, екінші жағында уылжыған алмұрт пісіп тұрған ағашты тамашалайтын. Әкем өсірген ондай жемістерді кейін еш жерден көрген емеспін. Өзінің сүйікті сортты алмасы – апортты ол келесі көктемге дейін бұзбай сақтайтын», – деп жазады өз естелігінде.
Н. Назарбаев Меккеде Қағбаның ішіне кіруге рұқсат алған. 1996 жылы Елбасы Сауд Арабиясына барған сапарында Корольдің ерекше ықыласы түсіп, оған қасиетті жерлердің барлығына кіруге рұқсат беріледі. Нұрсұлтан Әбішұлы сол жақтың мешіттерінде намаз оқып, Пайғамбарымызбен (с.ғ.с) қатар әйгілі Хамзаның (р.а) да қабіріне зиярат етеді. Мәдинада үш ай жаумаған жаңбыр, біздің Елбасы барған уақытта жауған. Арабтар мұны ерекше жағдайға балап, оған өзгеше құрмет көрсетіп, алтын тысты Құранды сыйға тартқан. Тіпті, есіміндегі «Нұр», «Сұлтан» сөздерінің араб тілінен алынғанына назар аударып, риза болысқан.
Елбасы музыканы бала кезден жақсы көрген. Кішкентай кезінен мандолин, баянда ойнай білген, домбыра тартқан. Әнді де жақсы айтады, қоңыр дауысы бар.
Н. Назарбаев – альпинист. Нұрсұлтан тау баласы болғаннан кейін бе, альпинизмге қатты құмартқан. Кішкентай күнінде Үшқоңырдың тау-тасын жиі аралап кетеді екен. Кейін Президент болған соң да кәсіби альпинистерге ілесіп, бірнеше шыңды бағындырған. Соның ішінде теңіз деңгейінен 4010 м биіктіктегі Абай шыңының орны ерекше. Бүгінде Алматы маңында Нұрсұлтан шыңы бар.
Нұрсұлтан – ақын. Оның суырып салма қасиетінің бар екендігін қасындағылар жиі айтады. Ал, өлеңдерімен тек жақындары ғана таныс болса керек. Халық назарына әлі ұсыныла қойған жоқ. Жұртшылық тек «Елім менің», «Үшқоңыр» секілді әнге айналған өлеңдерін біледі.
Нұрсұлтан – гольф шебері. Елбасымыз Хайнань аралдарындағы демалыстарының бірінде гольф ойнау шеберлігімен жергілікті халықты қатты таңғалдырыпты.
Нұрсұлтан Әбішұлы – әзілқой адам. Ол кісімен дастарқандас болған көптеген адамдар естеліктерінде Елбасының ерекше әзілқой адам екендігін айтқан. Әсіресе, еркін отырыстарда әзіл айтып, айналасындағыларды күлдіріп, көңілдерін көтеріп отырады екен.
Елбасының бүгінгі келбеті қазақтай қасиетті халықты түбінде тектіліктің, қанында қайсарлықтың рухы тасып, бойына даналықты жиып, дараланған азаматтың ғана басқара алатындығын айғақтап тұрғандай. Білімділігімен, біліктіліктілігімен қатар Елбасы кез келген шаруаны оңай меңгеріп алатын ерекше қабілетінің арқасында халық мүддесі үшін батыл қадамдар жасап, елімізді дамудың даңғыл жолына бастап келеді.
Дайындаған
Назерке МАРАТҚЫЗЫ.
30 қараша 2018 ж. 1 543 0