Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жағалау жайсаңдары

Жағалау жайсаңдары

Елбасының рухани жаңғыруды кезек сұрамайтын міндетке балауы астарында тарихи аманат жатыр. Әлбетте, тіліңді де, ділің мен дініңді де насихатсыз бағалайтын  –  аға ұрпақ. Салт-дәстүр жоралғысын бойына терең сіңірген де солар. Әр мекеннің арғы тарихын бүгінге табыстаған да сол буын.
Бұлар – тұнып тұрған шежіре, тұтастай өмір өлшемі. Олардың елді, жерді сүюі ерекше. Аталар мен әжелер, әкелер мен аналар – нағыз рухани байлығымыз. Осы құндылықтан мейір қандырмай, болашақ жадынамасын түгендей алмаймыз. Әрқайсымыз ұлт алдындағы ұлы парызымызды науқанилық ноқтасынсыз өтеуге ықылас танытуымыз керек.
Парыз ұшқыны қалам ұшын туған ауыл тұлғаларын түгендеу тапсырмасына бұрды. Қаладан 60 шақырымдағы «Жалаңаштың» құт-қойнауы «Үшшоқыда» жаралы теңіз жаңа ұрпақты жарылқап жатыр. «Бессайдың» берекелі қолтығында несібе қабыршағын қорғаштаған шағала шаңқылы да зорайып барады.
Кәрі жағалау жалаңдаған тойымсыздықтан тіксініп те қалғандай. Атам заманғы жұрт орны, қорымдардағы әруақтар пайдаға таласпайды, дұға күтеді ғой. Сырт көзге осы жағы имани ескертуді өткірлейтіндей көрінеді. Шынтуайтында, «Жалаңаштың» алғашқы тұрғындары сол «Үшшоқыдан» көш көлігін бұрғандар емес пе?!  Орғыл құм төбелер иектеген ескі қоныспен қоштасудың өксігі шер тарқатқандай-ау... Үнсіздік табиғатқа ғана жарасатыны хақ.
Ой дүрбісінен «Үшшоқының» кетпей қоюы себепсіз емес. Арғы беттегі отауды бергі бетке тылсым күшпен көшірген Сасықбай бақсының Құлманынан тарайтын Манақ әулиенің 10 ұлы осы төңіректе ойқастаған. Мұндайда батыр ақын Махамбеттің «Онымыз атқа мінгенде, жер қайысқан қол едік!» дейтін омырау жыры қапталдаса кетуі ерсі еместей.
Біз сол пірлі әулеттің дуалы ауыз Жантекесінің Әбжан, Нұраш атты қос перзенті тағдырын тілге тиек етпекпіз. Екеуі де ел еміренген азамат болған. Нағыз тасқайнатар атанған. Әбжан 1910 жылғы, інісі Нұраш 1917 жылғы. Саяси шендестірумен әдіптесек, бірі – феодалдық, екіншісі – революция кезеңінің тумасы. Екі ортада 1916 жылғы патша өкіметінің июнь жарлығы жатыр. Сұрақ белгісімен басталған өмір оларды ерте сақайтты. Жаңа дәуірдің жаңғырығынан үрікпей, уақыт ырғағымен үндесті.
Жантекенің Әбжаны барша қатарлары сияқты балық кәсіпшілігіне қол созды. Он жетісінде «Үшшоқыдағы» тұңғыш серіктестіктің белсенді мүшесі болды. Отызыншы жылдардың басында «Бірлестіктің» бетке ұстар балықшысы атанды. Есеп-қисапқа бейімі, ортақ меншікті тұтыну жауапкершілігі ескеріліп, кооперация қызметіне тартылды. Осылайша ел назарына ерте ілікті.
Халық қолдауы, басшылық ұйғарымы оған 1938-1942 жылдар аралығында ұжымшар тізгінін ұстатты. Інісі Нұраш ауылдан ұзап, білім қуған замандастар көшін бастады. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің студенті «Жалаңашқа» оралған сайын, бүкіл ауылдастар көзайымына айналатын.
Ашық аспанды ажал бұлты торлап, құс біткен қанатынан қырқылғандай күй кешкен соғыс лаңы әлеуметті күндіз күлкіден, түн ұйқыдан айырды. Бес мекеннен тұратын Мергенсай ауылдық кеңесінен де бас көтерер азаматтар оқтын-оқтын майданға аттанып жатты. Жантеке қарттың жігіттің сұлтанындай қос ұлы да Отан қорғаудың от-жалынына қақталды.
Бұйрық алдымен Нұраш Жантекеевке жетті. Алматы әскери комиссариаты жоғары білімді жалынды жасты командирлік құрамға қосты. 1941 жылдың 1 тамызынан бірінші Беларусь майданы құрамындағы 160-атқыштар дивизиясының 1297-атқыштар полкінде жорық жолына түсті. Оның минометшілер ротасының командирі болғанын, әскери шені аға лейтенант екенін әскери мұрағаттардан ұғындық. 1943 жылдың 25-30 желтоқсаны аралығында апта бойғы жойқын ұрыстардағы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталыпты. Ал, 1944 жылдың 17 шілдесіндегі соғыс ақпараты жан алып, жан беріскен бір тәуліктің тауқыметін сілтідей тынып тыңдатады.
Фашистердің Припять өзенін құрсаулаған қорғанысын бұзып өтуде Жантекеев Нұраштың взводы Доброзельва деревнясының солтүстік-шығысындағы орманда жаудың үш пулемет ұясын талқандаған. Одан әрі Ожиково деревнясы аумағында немістердің 81 мм миномет ұясын тұншықтырып, қару-жарақтарын ұрыс даласында қалдырды. Жеңіспен өршеленген Нұраштың сайыпқырандары Акачево және Гура деревнялары төңірегінде қарсыластың тірек пунктін ойрандап, 6 неміс солдатын жер жастандырады.
Кескілескен шайқас мұнымен бітпейді. Капитовка деревнясы үшін арпалыста жаудың төрт бірдей қарымта шабуылын тойтарады. Ал, Батыс Буг өзеніндегі қанды өткелді Жеңіс плацдармына айналдыруда Кодень елді мекенінің оңтүстік-батысында 15 жау солдаты жойылды. Денелері қан мен терге малшынған қаһармандар командирі Нұраш Жантекеевке осы жолғы ерлігі үшін ІІІ дәрежелі Богдан Хмельницкий ордені берілген.
Өкінішке орай, ержүрек офицер Нұраш Жантекеев 1945 жылдың 30 қаңтарында Польшаны азат етудегі кескілескен ұрыста ауыр жараланады. 191-арнайы медсанбатта қаңтардың соңғы түнінде жас жүрек соғуын тоқтатқан.
 Соғыс басталғаннан 40 күн өткенде Отан-анаға ант берген жағалау жұлдызы Жеңіске 100 күн қалғанда ерлікпен қаза тапты. Нұраштың асыл сүйегі Польшаның Кульм қаласындағы Стольно мен Грауденц жолдары тармақтарындағы бауырластар зиратында жерленгенін КСРО Қорғаныс министрлігінің Орталық архиві айғақтайды. Есіл ердің есімі поляк тілінде мәрмәр тасқа қашалғанын жақын-жуық енді біліп жатыр.
Нұраштың ағасы Әбжан Жантекеевтің майдандық өмірбаяны да жеңіл баяндалмайды. Орда бұзар отызда ел басқарған ол соғыста да алғы шептен табылды. 1942 жылдың 17 маусымынан 8 желтоқсанға дейін 1235-атқыштар полкі құрамында Калинин бағытындағы қиян-кескі шайқастарда жау шебіне пулеметтен оқ нөсерін төкті. Ызалы жүз, тістенген жақ, қарысқан қол, кеудені солқылдатқан зіркілдеген от қару, құлақты тұндырған ытқыған оқ үні бейбіт кәсіп иесін соғыстың суық адамына айналдырды. Қарайғанды шалғыдай жапыратын, жаудың тұтас күшін сетінететін, оң-солды бірдей отайтын пулеметшіні мергендер үнемі нысанаға алатын. Граната, миномет те соларға көбірек бағытталатын.
Гвардия сержанты Әбжан Жантекеев 1942 жылдың 8 желтоқсанындағы кезекті бораған оқ дауылында ауыр жараланды. Мина жарқыншақтары жамбас сүйегін қиқалап тастады. Қансыраған пулеметші 3076-эвакуациялық госпитальда 1943 жылдың 24 шілдесіне шейін ұзақ емделіп, қатарға қайта қосылды.
Жарақатына байланысты пулеметімен қоштасуға тура келді. Үшінші Беларусь майданында 40-гвардиялық артиллериялық полк сапында миномет құрамының командирі болды. Енді алысты көздейтін қанды ауыз минометке тіл бітірді. Берілген координатқа көз жобамен жедел түзету енгізуде кооперациядағы есептеу дағдысы кәдесіне жарады. Командование оның батылдығы ментапқырлығын таңырқай қолпаштайтын.
Екінші жарақат соғыстың соңғы ескертуіндей еді. 1944 жылдың 21 шілдесінде Белоруссияның Березовка селосы үшін артиллериялық текетіресте беті оймышталып, сол иығы мен тізе сүйектері жаңқаланды. 1944 жылдың 4 желтоқсанына дейін 4641-эвакуациялық госпитальда жарақаты бітіскенше төсекке таңылды. Әскери дәрігерлік комиссия шешімімен майдандық тыл қызметіне, 2330-әскери қоймаға жіберілді. Алғы шепті барлық жағынан қамтамасыз ететін жабдықтаушы бөлімінің мехнаты да маңдай терді сығып алатын. Қауіп-қатер мұнда да аяқ астынан сумаң ететін.
Жеңіс көктемінен соң да Әбжан Жантекеев жарты жылдай әскери өмірден ажырамады. Екінші топтағы мүгедектігі себепті 1946 жылы елге оралды. Әулет батагөйі Балсары әже мен Битен ана, жұбайы Балаштың ауылдастар қошеметтеуімен қарсы алғаны мейманасын тасытқан. Тек інісі Нұраштың хабар-ошарсыз кеткені жүрек сыздатты. Екеуінің де қатарлас Беларусь майданында шайқасқанын далалық поштаның үшкіл хаттары ғана сүйіншіге балаған. Тірі болса, 1945 жылдың 24 маусымында Мәскеуде Қызыл алаңда өткен Жеңіс парадында Беларусь майданы офицерлері сапында бір кезгі тікелей қолбасшылары Жуков пен Рокоссовский алдынан жүзі жайраң қағып өтпес пе еді?! Әттең, арман, қайран бауыр?!
Жантекеевтердің жағалау жұртшылығы алдында әманда мерейі үстем. Майдангер Әбжанның қызметтік мәртебесі де жоғары. Соғыстан оралу бойына екі жылдай Сарыбасат балықшылар тұтыну кооперациясын өрге сүйреді. 15 жыл Жамбыл атындағы ұжымшардың басқарма төрағасы, 1963 жылдан құрметті еңбек демалысына шыққанша Мергенсай ауылдық кеңесінің төрағасы болды.
Аудандық, облыстық партия комитеттерінің пленум мүшесі, аудандық кеңестің депутаттығына сайланды. 1956 жылы еңбектегі жетістігі үшін Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысты.  «Германияны жеңгені үшін», «Ерлігі үшін» медальдары қатарын І, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені толықтырды. «СОКП қатарында 50 жыл» мерекелік медалін тағынды.
Ол жерлестерін бауырдан бетер жақын тұтатын. Ауыл келбетін жаңа құрылыстармен шырайландырғаны, балықшы қауымға қамқорлығы, ел ынтымағына сүйемелі жайында көз көргендер елжірей еске алады. Жағалау жайсаңдары ағайынды майдангер, талапшыл тұлғалар Әбжан мен Нұраш Жантекеевтердің өнегелі өмірбаяны туған жер мақтаныштарын кейінгілердің қастерлей жүруіне қолқа салады. Қос қаһарманның ұшқан ұясы «Үшшоқы» мекені туралы сөз басындағы назымыз Отан үшін от кешкен, жанын пида еткен Жантекеевтер сияқты марқасқалардың рухын аялай білу, ұрпақтар ұстанымына үлгі ету ишарасынан туындаған болатын.
Жаңабай Кемал.
10 желтоқсан 2018 ж. 684 0