Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің Тәуелсіздік күніне арнаған құттықтауы

Аудан әкімінің Тәуелсіздік күніне арнаған құттықтауы

Қадірлі ағайын!
Құрметті жерлестер!
Тәуелсіздік мерекесі – барша Қазақстан халқы ерекше қадірлейтін, өткеннен тағылым алып, келешекке байыпты қадам жасайтын маңызды күн.
Тәуелсіздіктің арқасында көпұлтты халқымыздың алдынан жарқын жол ашылды. Тіліміз, діліміз, дініміз жаңа белеске бет түзеп, қайта жаңғырды. Жүзі бөлек – жүрегі бір, түрі бөлек – тілегі бір ел-жұртымыздың ынтымағы ырысты, достығы дархандыққа ұласты.
Бүгінде көпұлтты Қазақстан халқы ұлы мұратқа бет алды. Татулық пен тұрақтылық орныққан ортақ Отанымыз – Қазақстан ынтымақтың ұясына, татулықтың төріне айналды. Сондықтан айтулы мереке әрбір қазақ азаматының жанына жақын, жүрегіне ыстық.
Тұғыры – тыныштық, тірегі – тұрақтылыққа негізделген мемлекетіміздің экономикасы қарыштап дамып, бірлігі жарасқан, ынтымағы бекем, келешегі кемел ел болды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады. Біз қуатты Тәуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс», – деп атап өткен болатын.
Елдің даму көшінде аралдықтардың да өзіндік орны бар. Аудан тұрғындарының ерен еңбектерінің нәтижесінде өңірде экономиканың барлық бағыттары қарқынды дамып келеді. Алдағы уақытта да әлі талай игілікті істердің куәсі болатынымызға сенімдімін.
Ардақты ағайын!
Барша аудан халқын Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Еліміздің кемел келешегін нығайту жолындағы еңбектеріңізге табыс, мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін!
Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болсын!
Құрметпен,
Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов
16 желтоқсан 2022 ж. 484 0