Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Индустрияландыру бойынша 9 жоба мақұлданды

Индустрияландыру бойынша 9 жоба мақұлданды

Өткен жылы Арал ауданы үшін табысты, берекелі жыл болды деп айтуға негіз бар. Жыл көлемінде ауқымды істер атқарылды. Нәтижесінде 7 макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсім орын алды. Сәрсенбінің сәтті күні Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен баспасөз брифингінде аудан басшысы Серік Сермағамбетов аудандағы әлеуметтік- экономикалық даму көрсеткіші туралы кеңінен баяндады.
Әлемдегі геосаяи жағдайларға байланысты экономикалық қиындықтар біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Ауданда жоспарланып отырған бірнеше инвестициялық жобалардың іске қосылуына кедергі келтірді. Дегенмен, атқарылған табанды жұмыстардың нәтижесінде ауданға тартылған инвестиция көлемі артты.
– 2022 жылы ауданға 16,7 млрд теңгеге инвестиция тартылып, өсім 102,1 пайызды құрады. Инвестицияның басым бөлігі, яғни 71 пайызы ауылдық елді мекендерге тартылса, бюджет қаражатына деген тәуелділікті төмендету мақсатында, тартылған инвестицияның 50,0 пайызы жеке сектор қаражаттарын құрады. Ал 41 пайызы бюджет қаражатына, 9 пайызы қарыз қаражаттарына тиесілі болды. Салалық бөліністе инвестицияның 37 пайызы, яғни 4,5 млрд теңгесі өнеркәсіпке салынған, – деді С.Сермағамбетов.
Аудандағы өнеркәсіп орындары 24,6 млрд теңгенің өнімін өндіріп, өсім 23,9 пайызға артты. Өндірілген өнеркәсіп өнімдерінің 70,0 пайызы өңдеу саласына тиесілі. Есепті мерзімдегі өңдеу өнеркәсібінің өсімі 25,7 пайызға тау-кен өндірісінің өсімі 38,4 пайызға жетті.
– Индустрияландырудың ІІІ бесжылдығының аясында 1620 адамды жұмыспен қамтитын 162,2 млрд теңгенің 9 жобасы іске асырылды. Олар «Aral sea food» ЖШС-нің «Балық қалдықтарын қайта өңдеу цехын салу» жобасы, «Қамыш Орда» ЖШС-нің «Қамыс шатыр» жобасы, «QAZAG Camel» ЖШС-нің «Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауытын салу» жобасы, «Арал сода» ЖШС-нің «Кальцийлендірілген сода зауытын салу» жобасы, «Жак Нұр» ЖШС-нің «Титан өндіру бойынша кен байыту комбинаты» жобасы, Халықаралық АҚҚ және БШ Қазақ ғылыми-зерттеу институтының «Балық және құм өсіру» жобасы, «Арал СДО» ЖШС-нің «Тауарлы балықты өсіру және тереңінен өңдеу кешені» жобасы. Өткен жылы оның 3,6 млрд теңгенің 2 жобасы іске қосылып, 268 адам жұмыспен қамтылды. Атап айтар болсақ, «Ас тұзын өндіру бойынша ІІІ испан цехы» жобасы және «Кварц құмын өндіру бойынша тау-кен комбинатының құрылысы» жобасы, – деді аудан басшысы.
Қалған 7 жоба бойынша жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар 426 адамды қамтитын 7,3 млрд теңгенің 5 жобасын индустрияландыру картасына енгізу үшін қосымша ұсынылуда.
Ауданда кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. 2022 жылы ауданда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 6038 бірлікті құрап, есепті кезеңмен салыстырғанда 35,1 пайызға өскен. Ал жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 5751 бірлікті құрап, 43,6 пайызға көбейді. Жалпы тіркелген субъектілердің ішінен жұмыс жасап тұрғандарының үлесі 95,2 пайызға жетті.
– Өткен жылы Арал қаласында аудандар арасында орталықтандырылған «Кәсіпкерлік үйі» алғаш болып ашылды. Қазіргі таңда нысан кәсіпкерлерге және кәсібін бастаймын деген азаматтарға бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ жаңа нысан бірнеше мемлекеттік мекемелер мен «Кәсіпкерлік Палатасы» өкілдерінің басын қосты. Аудан тұрғындарына таңдау еркіндігі болуы үшін «КМФ» шағын қаржы ұйымы мен «Банк Центр Кредит» және «Еуразиялық» банкінің қаламызда бөлімшелері ашылса, «Халық» банкі заманауи талаптарға сай жаңа ғимаратқа көшті, – деді Серік Сағитжанұлы.
Жыл ішінде «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған «Ұлттық жобасының» аясында жалпы құны 490 млн теңге болатын 400 жоба қайтарымсыз грант қаражатын алды.
Агроөнеркәсіп кешені саласында 2022 жылы еңбеккерлердің жұмысы жемісті болып, аудан «Мал және балық шаруашылығын дамыту» бойынша аудандар арасында үздік деп танылды. Өткен жылы 13,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, 104,2 пайызды құрады. Былтыр ауыл шаруашылығын дамытудың 2022-2024 жол картасын бекітілген. Жол картасы негізінен мал, балық және егін шаруашылығын дамытуға 3 кезең бойынша бағытталған.
– Бірінші кезекте жайылымдық, шабындық және суармалы егістік жерлерді суландыру мәселесін алға қойдық. Осы орайда, барлығы 13 су ұңғымасы қазылып, 10 канал тазартылып, 5 гидротехникалық құрылыс (тоспа) салынды. Екіншіден, егін шаруашылығын дамыту қолға алынды. 2021 жылға дейін ауданымызда екі елді мекенде егін егіліп келсе, жол картасы аясында бұл көрсеткіш 11 елді мекенді қамтыды. Үшінші бағыт бойынша Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін ретке келтіру үшін Дарияның «Бұрмақұлақ» учаскесін бөгеп, «Аспай» суағытқысын іске қостық. Бұл жұмыстар аталған екі көл жүйесін толтыру және осы көлдерден балығын аулап, нәпақасын тауып отырған тұрғындар үшін үлкен жемісті жоба болды,– деді аудан басшысы.
Жол картасы аясында осы 3 бағыт бойынша 30 жоба іске асырылып, ауданға 792 млн теңге инвестиция тартылса, 200-ге жуық адам жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілетін болады.
– Қазіргі таңда ауданды егін шаруашылығына бейімдеу жұмыстары қолға алынуда. 2021 жылы 166,7 гектар жерге егін егілсе, 2022 жылы бұл көрсеткіш 704,2 гектарға жетті. Ал 2024 жылға дейін 3000 гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Былтыр аудан бойынша 11,7 гектар жерге картоп, 170 гектарға бақша, 53 гектарға көкөніс және 221,5 гектар жерге жаңа жоңышқа дақылдары егіліп, 73 гектар ескі жоңышқа, 175 гектар күздік жоңышқа егілген.
Кіші Арал теңізінде балықтың 19 түрі мекендейді, кәсіпшілік балық аулау мақсатында балықтың 17 түрі ауланады. Есепті мерзім ішінде, 7,7 мың тонна балық ауланып, 4534 тонна балық өнімдері өңделді. Ауданда жылдық қуаттылығы 23900 тоннадан астам 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Еврокод белгісін «Арал балық өңдеу зауыты» және «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС алған, – деді.
2022 жылы ауданда 7,0 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, өсім 122,7 пайызды құраса, 29 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға беріліп, 103,1 пайызға орындалды.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2021 жылы бастау алған Аманөткел елді мекеніндегі денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, Қамыстыбас, Жақсықылыш елді мекендеріндегі спорт кешенінің құрылыстары жалғасын табуда.
– Аудан халқы үшін басты жаңалық – темір жол үстінен аспалы көпір салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бүгінде мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігер анықталды. Құрылыс жұмыстары жақын арада басталады. Сонымен бірге жоба құны 328,0 млн теңге болатын Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпірге бөлінген 105,3 млн теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, – деді С.Сағитжанұлы.
Аудандағы ауызсу мәселесі де оң шешімін тауып келеді. Өткен жылы Көнту елді мекеніне ауызсу желісі жүргізіліп, пайдалануға берілсе, «Сапақ-Көктем» бағытына магистральды су құбыры тартылып, елді мекенге су айдау стансасының құрылысы жүргізілуде. Нысан биыл аяқталып, ел игілігіне берілмек. Ақбасты елді мекенін сумен жабдықтау жобасы аясында Қосаман-Ақбасты бағытындағы жалпы ұзындығы – 117,3 км магистральды су құбыры және Ақбастының ауылішілік 8,35 км су құбыры тартылған. Нәтижесінде 74 жеке тұрғын үйге, 5 әлеуметтік, 1 кәсіпкерлік нысанға және ауылдық мешітке су құбырлары орнатылды.
– Ауданды газдандыру мәселесіне байланысты 12 мың халқы бар Сексеуіл кентін газбен қамтамасыз ету мақсатында жоба әзірленіп, былтыр республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Осы жылы жобаны аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұған қоса, «Шижаға» елді мекенін газбен қамтуға аудандық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Қазіргі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сондай-ақ шалғайдағы «Қосаман» және «Ақеспе» елді мекендерін газбен қамту мақсатында демеуші есебінен жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатса, Қамыстыбас ауылында АГРС салуға жобалық-сметалық құжаттамасы бюджет қаражатынан әзірленуде, – деген аудан әкімі өңірдің даму көрсеткішін одан әрі баяндай түсті.
Аудандағы 50 мектепте 17,6 мың оқушы дәріс алады. 3-6 жас аралығындағы балалардың барлығы 100 пайыз мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылған. Балалар жылына орай, Арал қаласынан 2 ойын-сауық орталығы ашылып, демеушілер есебінен 6 ойын алаңы пайдалануға берілді. Сондай-ақ ауданда 5 балабақша іске қосылып, бүлдіршіндерімізді қуантып отыр.
– Облыс орталығында өткен дәстүрлі тамыз конференциясында «Ұзақбай Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназиясы» облыстағы білім беру ұйымдары арасында өткен конкурс нәтижесімен жеңімпаз атанып, 34 миллион теңге грант иегері атанды. Былтыр аудан түлектері үшін де табысқа толы жыл болды. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 651 оқушының мемлекеттік грантқа 532-і қатысып, оның 410-ы жоғарғы оқу орнының, 6-ы облыс әкімінің грант иегері атанды. Бұл көрстекіш өткен жылғымен салыстырғанда 8 пайызға артып отыр. Шәкірттер бұл жылы да үмітімізді ақтайды деп сенім білдіремін. «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 2023-2024 жылдары 4 мектеп салынып, 1 мектеп күрделі жөндеуден өтетін болады. Сондай-ақ биыл 1 жеке мектептің құрылысы басталатын болса, 2024-2025 жылдары 4 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ал былтырғы оқу жылында Арал қаласында 200 орындық мектеп және 100 орындық интернат пайдалануға беріліп, апатты жағдайдағы Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектептің құрылысы облыс әкімінің қолдауымен демеушінің өз қаражатынан салынуда, – деді.
Денсаулық саласындағы өзекті мәселелерді кезең-кезеңімен жүзеге асыру үшін жұмыстар жасалуда. Мәселен, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысын жалғастыруға облыстан қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Сонымен бірге «Қызылжар», «Бөген» ауылындағы дәрігерлік амбулаторияларды жаңадан салу және Хан, Көктем елді мекенінің медициналық бекет құрылысы жобалары қолдау тапты. Ал Тастүбек, Жалғызағым елді мекендеріндегі медициналық бекеттерді жақын арада ел игілігіне беру жоспарлануда. Бұған қоса, Арал қаласындағы «Байтұрсынов» емханасы жанынан «Қамқорлық» оңалту орталығын ашу мақсатында облыстық бюджеттен күрделі жөндеуге қаржы бөлінді. Бұдан бөлек, ауданның денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 2022 жылы 184 млн теңгені құрайтын құрал-жабдықтары алынды. Өткен жылдың қаңтар айында «Компьютерлік томограф» медициналық аппараты іске қосылды.
Өткен жыл аудан мерейін өсірген осындай жағымды жаңалықтарымен есте қалды. Ал осы жылы қолға алынып отырған, ел ішінде қордаланған мәселелер де бар. Алдағы уақытта Индустрияландырудың ІІІ бесжылдығының аясында 1352 адамды жұмыспен қамтитын 7 жобасы іске асыру, «Тезис» компаниясы арқылы 10 млрд теңгеге жуық қаржыға ауылдық елді мекендерде күн сәулесі электростанцияларын орнату жобасы іске асырылады деп жоспарланып отыр. Арал ауданының экономикасын ілгерілету, әлеуметтің әлеуетін көтеру негізгі мақсатым деген аудан басшысы Серік Сағитжанұлы брифингте ауданды одан әрі дамыту әкімдік те, перзенттік те парызым деп сөзін қорытындылады.
(Өз тілшімізден)
10 ақпан 2023 ж. 221 0