Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстың негізі

Қоғам мен мемлекет арасындағы байланыстың негізі

Жуырда аудан әкімдігінің мәжіліс залында қоғамдық кеңес отырысы өтті. Аталған жиынға аудан әкімі мен орынбасарлары, қала әкімі, сонымен бірге бөлім басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Сондай-ақ кездесуде ардагерлер мен көше комитеттері де болды.
Алдымен аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Алдаберген Жоланов жүргізіп, көпшілікке күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырып өтті. Мұнан соң А.Жоланов:
–Жалпы қоғамдық кеңестер мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру және қоғам мүддесін қорғауға бағытталған азаматтық бастамаларды іске асыру, сондай-ақ қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету, әлеуметтік шиеленістердің алдын алу және оларды шешу мақсатында құрылған консультативті-кеңесші орган болып табылады,–деп күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық қоғамдық кеңестің өткен жылы атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Мұнан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудан әкімі Серік Сермағамбетов 2022 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы айтты:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау өңірімізде сәтті жүзеге асуда. Бүгінде қоғамдық кеңес – мемлекет қабылдайтын шешімдердің жариялы, ашық болуын қамтамасыз ететін бақылаушы органға айналды. Біз әрдайым аудан халқының ұсыныс-пікірлерін ескеріп, көкейдегі сұрақтарына тұшымды жауап беріп келеміз. Міне, бүгін өздеріңізбен бірге жыл басында бас қосып, атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерді саралайтын боламыз. Өздеріңізге белгілі, былтыр Арал қаласының қала болып құрылғанына 95 жыл толды. Мерейтой аясында аудан көлемінде айтыс, жыраулар мүшәйрасы, спорттық жарыстар, ат бәйгесі және тағы да басқа 100-ге жуық іс-шаралар ұйымдастырылды. Арал өңірі балықшыларының VI слеті және Поволжье халқына 14 вагон балық жөнелткен қайырымды істің 100 жыл толуына орай үлкен мәдени іс-шараны өткіздік,–деп, өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталды.
«Балалар жылына» орай қаладан 2 ойын-сауық орталығы ашылып, демеушілер есебінен 6 ойын алаңы пайдалануға берілген. Сонымен бірге аудан орталығы мен Жақсықылыш кенті, Атанши, Тоқабай, Бөген елді мекендерінен 5 балабақша өз жұмыстарын бастап, бүлдіршін қуанышына бөленген. Ел экономикасын дамытушы күштердің бірі – кәсіпкерлік саласы екендігі белгілі. Өткен 2022 жылы аудан орталығында «Кәсіпкерлік үйі» де бой көтеріп, кәсіп бастаймын деген әр тұрғынға қолдау білдіруде. Тағы да жыл көлемінде бой көтерген құрылыс нысандары мен олардың халық игілігіне жарап келе жатқандығын айтып өтті.
– Ауданымыздың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайы көңілқуантады. Дамудың оң динамикасы қалыптасқан.2022 жылы ауданға 16,6 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвестицияның басым бөлігі, яғни 75 пайызы ауылдық елді мекендерге тартылса, бюджет қаражатына деген тәуелділікті төмендету мақсатында, тартылған инвестицияның 65 пайызы жеке сектор қаражаттарын құрады,–деп аудан басшысы инвестиция саласының даму қарқыны туралы айтып өтті.
Сонымен қатар аудандағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауқымды істер атқарылып жатқандығы туралы баяндады. Жалпы «Мал және балық шаруашылығын дамыту» бойынша аудандар арасында үздік деп танылғанымызды сөзге тиек ете отырып, 2021 жылы орын алған қуаңшылықтың тигізген әсері жайында айтты. Осыған сәйкес, өткен жылы ауыл шаруашылығын дамытудың 2022-2024 жол картасы бекітілген. Жол картасы негізінен 3 бағытта, яғни мал, балық және егін шаруашылығын дамытуға көзделгендігін айта отырып, ондағы атқарылған жұмыстармен таныстырды.
Мұнан соң аудан әкімі Серік Сермағамбетов басты мәселелердің бірі автомобиль жолдары бойынша іске асқан жұмыстар мен жер учаскелерін табыстау бойынша атқарылған жүйелі жұмыстардың оң нәтижесін атап өтті. Сонымен бірге газдандыру мен ауызсу, кәсіпкерлік саласы, әлеуметтік сала мен алдағы міндеттер бойынша жұмыстарды баяндады.
Мұнан кейін көпшілік тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, жиналған қауым атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, әлі де жүйелі жұмыстар атқарылатынына сенім білдірді.
«Толқын» ақпарат
13 қаңтар 2023 ж. 315 0