Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді

ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді

ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келді. Мәлік Нұржанұлы сапар барысында ең алдымен қаладағы Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйіне барып, Сыр журналистерімен жүздесті. Аймақ тілшілерімен өткен кездесу барысында еліміздегі саяси реформалардың маңыздылығымен қатар, оның қолданыстағы аясы кеңінен талқыланды.

Басқосуда ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев БАҚ саласында орталық қана емес, өңірлік басылымдардың да жұмысы аса маңызды екенін айтты. Жиында ақпарат саласымен қатар өзекті әлеуметтік мәселелер де көтеріліп, журналистер тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер айтылды.

Одан кейін Президент кеңесшісі Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасына барып, сырбойылық зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Келелі басқосуда ұлттық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы негізгі басымдықтар бағамдалып, халықтың әл-ауқатын жақсартуда бүгінгі саяси реформалардың маңыздылығы сөз етілді.

- Қаймағы бұзылмаған Сыр топырағында қазақ үшін аянбай еңбек еткен қаншама тұлғалар дүниеге келіп, халық үшін өмірінің соңына дейін қызмет етті. Ел үшін жасаған игі істерінің арқасында біздерге баға жетпес мол мұра қалдырды. Сол құнды дүниелерді жастар бойына сіңіру барлығымыздың басты міндетіміз, - деді Мәлік Нұржанұлы.

Жиын барысында зиялы қауым өкілдері өздерінің ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді.

Айта кетейік, ҚР Президентінің кеңесшісі М.Отарбаев Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде ғалымдармен жүздесіп, жастар театры сахналаған "Олимптің күйреуі" атты мифологиялық драманың премьерасын тамашалады.

kyzylorda-news.kz
16 ақпан 2023 ж. 305 0