Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Аққұм мен Сазды ауылдық округі тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Аққұм мен Сазды ауылдық округі тұрғындарымен кездесті

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов 2022 жылдың қорытындысы бойынша Аққұм ауылдық округіне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Ауыл халқымен өткен кездесуде аудан басшысы өткен жылы өңірдегі атқарылған жұмыстарды баяндап, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар жөнінде тоқталып өтті.
«Агроөнеркәсіп кешені саласында 2022 жылы еңбеккерлердің жұмысы жемісті болып, 13,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Оған қоса, былтырғы жылы ауданды егін шаруашылығына бейімдеу жұмыстары мен суды тиімді пайдалану әдістері қолға алынып, қарқынды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде егіс көлемі 166 гектардан 704 гектарға дейін ұлғайды.
Инфрақұрылымды дамыту бойынша да ауданға қарасты жолдардың құрылыс жұмыстары басталып, биыл жалғасын табуда. Мұнымен қоса, биылғы жыл басы жақсы жаңалығымен басталды. Арал қаласындағы темір жол үстінен аспалы көпір салу үшін республикалық бюджеттен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары бастау алатын болады»,-деп өлкедегі оң өзгерістерді айтып, алдағы жоспарлармен де бөлісті.
Серік Сағитжанұлы Шижаға елді мекеніне газ желісін тарту жоспарлы жұмыстардың бірі екендігін атап өтіп, Сексеуіл кентінен кейінгі кезектілікте тұрғанын жеткізді.
Сонымен қатар, ауыл халқы тарапынан айтылған балабақша қажеттілігіне байланысты мәселенің оң шешімін тапқандығын жеткізіп, жеке кәсіпкермен келісім жасалғандығын айтты. Кездесуден соң аудан әкімі С. Сермағамбетов түйе жүнінен өнім өндіруді қолға алған жас кәсіпкердің туындыларымен танысып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдау жасалатындығын жеткізді. Мұнан соң, жаңадан бой көтеретін балабақшаның орнын қарап, ондағы қызу тірлік барысын бағамдады.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың халықпен кездесуі Сазды ауылдық округінде жалғасты. Тұрғындармен кездесуде аудан әкімі жыл ішіндегі жетістіктерді саралап өтті.
«Барыс жылы – ауданымыз үшін табысқа толы жыл болды. Атқарылған табанды жұмыстардың нәтижесінде жыл ішінде ауданға тартылған инвестиция көлемі артты. Индустрияландырудың ІІІ бесжылдығының аясында 1620 адамды жұмыспен қамтитын 162,2 млрд теңгенің 9 жобасы іске асырылып, өткен жылы оның 3,6 млрд теңгенің 2 жобасы іске қосылып, 268 адам жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, жыл көлемінде ауданымызда мемлекеттік бағдарламалар мен жалпы қаржы институттары арқылы бірнеше жобалар несиелендірілді»,-деді С. Сермағамбетов.
Сондай-ақ жиында аудан әкімі Сазды ауылына кіре беріс 21 шақырым автожолының құрылыс жұмыстарының сапалы жүзеге асуын бақылауды тиісті бөлімге жүктеді.
Кездесуден соң аудан әкімі ауыл тұрғындарын жекелеген мәселелер бойынша қабылдады.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
24 ақпан 2023 ж. 462 0