Мәдениет саласындағы мәселелер талқыланды
Кеше аудан әкімінің орынбасары К. Бержановтың төрағалығымен Арал ауданының мәдениет және спорт бөлімінің алқа мәжілісі өтті.
Жиында мәдениет мекемелерінің 2022 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және алдағы міндеттері қаралды.
Алдымен аудан кітапханаларының өткен жылғы атқарған жұмыстары жөнінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ж. Алишева баяндады. Ауданда барлығы 39 кітапханада 610 388 кітап қоры сақталған. Жыл көлемінде 885 мәдени-көпшілік шара өткізілген.
Одан соң мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарының жылдық есебі жөнінде аудандық мәдениет үйінің директоры Қ.Қуанышов баяндады. Хабарлама барысында өнерпаздардың республикалық, облыстық байқаулардан алған жүлделері мен мәдениет саласындағы жетістіктерін тілге тиек етті.
Сонымен бірге Қызылжар ауылдық мәдениет үйі мен Сазды ауылдық клубының жұмыстары да тыңдалды.
Аудандағы мәдениет саласына қатысты мәселелер кеңінен талқыланған жиында қатысушылар өздерінің пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын да білдірді.
Мәжіліс қорытындысымен аудан әкімінің орынбасары тарапынан барлық мәдениет мекемелеріне нақты жоспармен жұмыс жүргізу, өткен жылғы кемшіліктерді болдырмау үшін тиісті мекемелерге ұсыныстар әзірлеу, ауылдық клуб меңгерушілеріне ауылдық округ әкімдерімен тығыз байланыста жұмыс жасау жөнінде тапсырмалар жүктелді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі