Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күткенбіз көптен, қош келдің, көктем!

Күткенбіз көптен, қош келдің, көктем!

Орталық алаң. Осылай қарай аяңдаған үлкен-кішінің қарасы қалың. Күн мен түн теңесетін, Самарқанның көк тасын ерітетін әз Наурызды асыға күткендер әуелей шырқалған әсем әнге құлақ түріп, ақшаңқан киіз үйлерге зер салады.
Хош. Көрген де арманда, көрмеген де арманда деп осындайда айтылған шығар. Анау жерде ұлттық ойынға жан бітіп, шиыра асық атқандар кезек күтсе, енді бір жерде бұла күш иелері кім мықтыны анықтап, қол күрестен сынға түсіп жатыр. Ал бір тұста арқан тартыс көрініс тауып,жер қозғалса қозғалмайтын жігіттерқарсыластарын сүйрей құлатуда.Ләңгі теуіп, дараланғандар жүлдеден құр алақан емес.
Әр жерде қазан асылып, дастарқанға дәм қойылған. Келген жан мерекенің лебін сезеді. Ақ батасын беріп, тілеулестігін білдіреді. Ауылды еске салатын көріністер көз алдыңда көлбеңдейді. Түйілген келі, сарқырай қайнаған самаурын, пісілген күбі жанында өзара жарасымды әңгіме құрған топ бұл күннің маңыздылығын ұғындыра түседі. Әсіресе, бір-бірін әдемі әзілмен қажаған қыз бен жігіт айтысытіпті тамаша өрілген. Ұлы даланың құндылықтарын дәріптеген ұйымдастырушыларға қалай риза болмайсың.
Аралап келеміз, жағалап келеміз. Анау бір жылдары жеті тайқазан көже пісірген кәсіпкер Ерлан Ибраймов биыл да сол үрдісті жалғастырып, талайдың батасын алып жатыр.Бұл орында да ән-күй ойналып, қуанған ағайын көрісіп, қауқылдасады.
Ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік, көпсалалы колледж ұжымдары қазақылықтың нағыз нышаны сезілетіндей үй тігіп, ондағы қызметкерлер қанда бар қонақжайлықпенбас сұғушыларды қарсы алу үстінде.Атпен серуендеген жеткіншектер той көрігінонан әрі асқақтатқандай.
Иә, айта берсең сөз көп. Алған әсер тіптен керемет! Осы кезде аудан әкімі Серік Сермағамбетов шадыман жұрт алдында құттықтау сөзін төмендегіше сабақтады:
– Ардақты ағайын, қадірлі жерлестер! Баршаңызды тамыры тереңге бойлаған Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Жыл басы– Наурыз оң өзгерістің, игі жаңалықтың, ізгіліктің жаршысы. Сондықтан да бұл күні адамдар бұлақтың көзін ашып, тал егіп, әлсізге тірек, әлжуазға қорған болған. Халқымыз бұл кезеңді береке-бірлік, ырыс-құт мезгілі санаса, кешіріммен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен өзара түсіністіктің мезеті деп бағалаған, – деп өткен жыл саяси оқиғаларға толы жыл болғанына тоқталып, биылғы жылдан да күтеріміз көп екенін ортаға салды.Сондай-ақ аудан басшысы күні кеше Парламент Мәжілісі мен түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау ұйымдастырылғанын, саяси науқанға біркісідей атсалысып, Президенттің реформаларын құптап, «Жаңа Қазақстан мен Әділетті мемлекет құру тұжырымдамасына» қолдау көрсеткен аралдықтарғааймақ басшысының ыстық ықыласын жеткізді. Бұдан бөлек, аудан әкімі кәсіпкерлер үйі пайдалануға берілгенін, өткен жылдың қорытындысымен Арал ауданы бизнесті дамыту бойынша үздік деп танылғанын, Сексеуіл кентіне көгілдір отын апару іс жүзінде жүзеге аса бастағанын, "Таза су" бағдарламасы бойынша Ақбасты, Көктем ауылдарына сапалы ауызсу жеткізілгенін тілге тиек етті.
Төңірекке шуағын төккен ұлық мерекеде көпшілікелдің амандығын, халықтың тыныштығын тілеп, қоян жылы әр қадамды құтты қылуын сұрады. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары шараға жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап,тұрғындар керемет сезіммен үй-үйге тарасты.
***
Осындай қазақтың жаңа жылына баланған Наурыз мейрамы әр кентттер мен ауылдық округтерде және көшелерде де ұйымдастырылды. Бұл жаңаруға бет түзеген Алаш жұртының салт пен дәстүрге адалдығын аңғартып, теңіз төскейіндегі тұрғындар әрбір жылдан ерекше үміт күтіп, баянды болашаққа сеніммен қарайтынын аңғартса керек. Көргеніміз бен көңілге түйгенімізден осыны байқадық.
А. ЖАЙШЫЛЫҚ
25 наурыз 2023 ж. 276 0