Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл әлеуметтік төлемдер 2 миллионнан аса отбасыға беріледі – Тамара Дүйсенова

Биыл әлеуметтік төлемдер 2 миллионнан аса отбасыға беріледі – Тамара Дүйсенова

Осы жылы әлеуметтік төлемдер аясында 2 миллионнан аса отбасыға 1,2 триллион теңге қаржы жұмсалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Президенттің ҚР Парламенті сессиясының ашылуында берген тапсырмаларын іске асыру барысын талқылау кезінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін министрлік мынадай бағыттарда жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Біріншіден, ана мен баланы әлеуметтік қолдау ескерілген. Биыл әлеуметтік төлемдер 2 миллионнан аса отбасыға беріледі, оған 1,2 триллион теңге қаржы жұмсалады», - деді Т. Дүйсенова.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында биылғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу кезеңі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды.
Осы жылдың І тоқсанында оны алушылардың жалпы саны 435 мың адамнан асты. Оның ішінде жұмыс істемейтін 93 мың ана жәрдемақыны республикалық бюджеттен, ал жұмыс істеген 343 мыңнан астам адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленіп жатыр.
«Мұндай төлемдерді биыл дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1-ге толмаған балалары бар 760 мың отбасы алады деп жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа 334,5 миллиард теңге көзделген», - деді министрдің міндетін атқарушы.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған пакет биылдан бастап ақшалай беріліп жатыр. Бүгінде осы санаттағы 114 мыңнан астам балаға 1,4 миллиард теңге әлеуметтік көмек берілді. Атаулы әлеуметтік көмекке қажет 74 миллиард теңге балаларға арналған ақшалай төлемдерді қоса есептегенде, өңірлерге жалпы сипаттағы трансферттермен берілді», - деді Т. Дүйсенова.
04 сәуір 2023 ж. 239 0