Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көпті қуантқан көгілдір отын

Көпті қуантқан көгілдір отын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жіті назар аударып отырған басым бағыттарының бірі – ел тұрғындарын газбен қамтамасыз ету. Иә, қидың қызуы мен көмірдің шоғына жылынатын уақыт келмеске кетті. Дейтұрғанмен, ауданда әлі табиғи газдың иісі жетпеген елді мекендер бар екенін мойындауымыз керек.

Халыққа ең қажеттісі әрине, көгілдір отын. Себебі қатты отын бағасының жыл сайын шарықтауы ауылдағы ағайынға ауырлық туғызып жатқан жайы бар. Бүгінде газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру жұмысы жүйелі түрде қолға алынып, сәйкесінше қажетті қаражат сомасы да қарастырылып жатыр. Шиелі ауданына қарасты ауылдардың ішінде ең алғашқы болып көгілдір отынның игілігін 2018 жылы Ы.Жақаев ауылының тұрғындары көргені есте. Кейін бұл тізімге Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ақмая, Алғабас және Ш.Қодаманов ауылдары да қосылды. Осылайша аудан халқының 68 проценті көмір тасып, пеш жағып, күл шығару секілді күйбең тұрмыстың күнделікті бейнетінен арылды.

Уақыт еншісінде тұрған алдағы жоспарды білмекке аудан әкімінің баспасөз хатшысына байланысқа шықтық. Ол бізге жалпы құны 4 млрд 900 млн теңге болатын 7 жобаның жүзеге асырылуына қам жасалып жатқанын жеткізді. Жиделіарық, Еңбекші елді мекендеріне газ жүйесін тарту үшін 442 млн 513 мың қаржы бөлінгенін, Алмалы, Телікөл, Ақтоған, Бестам ауылдық округтерінің жоба-сметалық құжаттары тиісті министрлікке жолданғанын да тілге тиек етті. Сонымен қатар Тартоғай елді мекенінің тұсынан Мұстафа Шоқай автоматтандырылған газ бөлу стансасы құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен 2,1 млрд теңге бөлініп, құрылысы жүргізіліп жатыр деген мәліметті ұсынды.

Осы тұста ақжолтай жаңалықты жеткізуге асықпыз. Көрген жанның көз жауын алып, бауырында аң-кұсы өрген асқаралы тауымен, ел жайлаған ен тоғайымен, төрт түлік малға құт болған құмымен ерекшеленген Еңбекші ¬ауылында газ тарту жұмыстары ¬басталды. Айта кету керек, бұл елді мекеннің кейінгі жылдары әлеуметтік әлеуеті жақсарып, тұрмысы өркендеп, елдің еңсесі көтеріліп, ауыл келбеті түрленіп, гүлденіп өзіне тарта бастады. Бүгінде сол байлықтың бағасын асырып, ел ырысын еселеп отырған ауыл халқының талпынысына іштей сүйсінесің. Дәл қазір Еңбекші ¬ауылына газ тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Наурыз айының басынан басталған құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарға сәйкес тамыз айында аяқталмақ. Газ құбырын және арамішілік газ тарату желілерінің құрылысын «Жаңа Құрылыс Групп» ЖШС жобалап, ал «MSK Engineering» ЖШС техникалық жағынан қадағалауда. «Гульнур МК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арық қазып, ауылға қарай газ құбырын тартуға кірісіп кетті. Еңбекшіде 302 түтін бар. Тұрғын саны 1832-ден асады. Қазу жұмыстары басталғанын көрген ауыл тұрғындары енді отын тасып, күл шығаратын бейнеттен құтыламыз деп отыр.

Естеріңізде болса, өткен айда аудан әкімі Нұржан Ахатов Еңбекші ауылының тұрғындарымен емен-жарқын пікірлесіп, жұрт көкейінде жүрген біраз мәселені көңіліне түйіп қайтқан болатын. Өткен жылы тау тұрғындарынан жалпы 10 шақты сұрақ, ұсыныс түскенін білеміз. Міне, содан бергі 4-5 айдың ішінде сол сұрақтың біразы нақты шешімін тауып, жылдар бойы көптің көңілін күпті еткен мәселелер өз арнасын тапқан.

«Алла сәтін салып, газ тарту жұмыстары басталды. Бұл – ұзақ уақыт бойы күткен үміттің нәтижесі. Біздің ауылдағы тұрғындар бұл шаруаның расымен жүзеге асып жатқанын көріп, көмірден газға көшуге бел буғанын айтады. Биыл газ тартылатынына сенбейтіндер де болды. Аудан әкімі Нұржан Ахатов ауылға биыл газ жететініне сөз берген еді. Мінекей, біз айтылған уәденің орындалып жатқанын, жұмыстың нәтижесін көріп отырмыз. Өте ризамыз», – дейді Еңбекші елді мекенінің тұрғыны Мұхамедқали Бекқожаев.

kyzylorda-news.kz
13 сәуір 2023 ж. 156 0