Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мықты әскер – тәуелсіздік тірегі

Мықты әскер – тәуелсіздік тірегі

1992 жылғы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі болды. Дәл осы күні ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды.
Осы күннен бастап 7 мамыр Қарулы Күштер күні ретінде мемлекеттік деңгейде тойланып келеді. Бұл мереке биыл да аудандық мәдениет үйінде аудан көлемінде де кең көлемде аталып өтілді.
Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Серік Сермағамбетов:
– Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Халқымыздың ерлік дәстүрін танытатын қос мереке біз үшін қашанда құнды әрі қадірлі. Бұл күн әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандық пен елдіктің – нышаны, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың – өлшемі болары анық. «Ел – ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Қазірде тәуелсіз еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтауда, көк аспан түстес байрағымыздың түбінде тұрып шекарамызды күзетіп жүрген айбынды әскерлеріміз жауынгер ұрпақтың ерлік дәстүрін лайықты жалғастырып, Антына адал қызмет атқаруда.
Бүгінгі мерейлі мерекеде бар өмірін Отанды қорғауға арнап, өз қызметін мінсіз атқарып жүрген сарбаздарымыз бен сардарларымызға алғысымызды білдіремін! – дей келе барша аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтады.
Сонымен қатар Тәжік-Ауған шекарасындағы қақтығыстарға, Семей ядролық сынақ полигонының зардабын жоюға қатысқан және Ауған соғысының ардагерлері мен бірқатар сала үздіктерін облыс және аудан әкімінің Алғысымен марапаттады.
Мерекелік шара одан әрі аудан өнерпаздары мен бүлдіршіндердің өнеріне әсем әні мен күмбірлеген күйіне, Гүлжайна Мұхтарованың жетекшілігімен спортты жанына серік еткен балғын таэквондошылардың сахналық қойылымына ұласып, жиылған халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

"Толқын" ақпарат
06 мамыр 2023 ж. 463 0