Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақсықылыш кентіндегі жаңа жобалар

Жақсықылыш кентіндегі жаңа жобалар

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов жұмыс сапарымен Жақсықылыш кентінде болып, бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты.
Аудан басшысы алдымен кент көшелерінің автомобиль және жаяу жүргіншілер жолы құрылысының жобасын бағамдап, кенттегі мектеп жанының әрлеу-сырлау жұмыстарына мән беруді тапсырды. Және аталған әлеуметтік нысанды көгілдір отынға қосу үшін тиісті құжаттарды дайындау жұмыстарын демеушілік есебінен жеделдетуді жүктеді.
Одан соң, аудан әкімі елдімекенде демеушілік есебінен салынып жатқан спорт алаңына барып, ауыл ақсақалдары мен жастармен жүздесті. Тұрғындар кәсіпкер мен ауыл әкіміне және атсалысқан азаматтарға өз ризашылығын айтып, қуаныштарымен бөлісті. Ендігі кезекте бұл нысанға спорт нұсқаушысы қажеттігін жеткізді. Аудан басшысы өз тарапынан бұл мәселені қарастыратын айтты.
Мұнан соң, елдімекендегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Қазіргі кезде нысанның құрылыс жұмыстары өз деңгейінде қайта жалғасуда. Аудан басшысы мердігерге құрылысты уақытында аяқтап, сапасына жауапкершілікпен қарауды жүктеді.
Сапар барысында аудан әкімі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жеткізу жұмыстарының жұмысын бағамдады. Сондай-ақ, 2024 жылға жоспарланған «Жайлы мектептің» салынатын орнын көріп, әлеуметтік нысандар құрылысында тұрғындар пікірі ескерілетінін жеткізді.

"Толқын" ақпарат
12 мамыр 2023 ж. 165 0