Жаңа автобус – балалар игілігіне

Осындай қуанышты жаңалық қаладағы №220 орта мектебінде орын алып, су жаңа автобустың кілті мектеп ұжымына табысталды. Айта кетерлігі, бұл тасымалдаушы көлік 40 орынға шақталған. Автобустың техникалық сипаттамалары барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді. Қауіпсіздік белдіктері, апаттық шығу жол, жылдамдық шектегіштер мен сәйкестендіру белгілері бар және автобуста бала қалған жағдайда белгі беретін жүйемен де қамтылған. Сондай-ақ есіктеріндегі қозғалысты бұғаттау механизмі, маяктар мен ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы пандустар және оқушылардың рюкзактарына арналған арнайы сөрелер де қарастырылған. Автобуста бала қауіпсіздігі үшін сағатына 60 шақырымға дейінгі жылдамдықты шектеу жүйесі бар, орындықтар қауіпсіздік белдіктерімен жабдықталған, салқындату құрылғылары орнатылған.
– Оқушыларды жайлы және қауіпсіз тасымалдау негізгі мәселелердің бірі болатын. Енді тасымалдау мәселесі толығымен шешілді. Балаларға жасалған игілікті іс үшін аймақ басшысы мен облыстық білім басқармасы және аудандық білім бөліміне мектеп ұжымы мен ата-аналар және оқушылардың алғысы шексіз. Көлігіміз оқушыларымыздың игілігіне қызмет етіп, жақсылыққа апарар көлік болсын! – дейді №220 орта мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша оқу ісі жөніндегі орынбасары Лайық Наукеева.
Мемлекет басшысының қолдауымен соңғы жылдары еліміздің білім саласында маңызды реформалар бастау алып, педагог мәртебесін көтеруде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі көптен бері өзекті мәселеге айналған тасымал мәселесі де оң шешімін тапты.
«Толқын» ақпарат