Аудан әкімі Райым ауылдық округіндегі жобалармен танысты
Райым ауылдық округіне іссапар барысында аудан әкімі Серік Сермағамбетов Шөмішкөл ауылының тұрғындарымен кездесіп, жаңадан бой көтерген «Орал ахун» мешітіне барды.
Алдымен аудан басшысы «Қызылжар-Шөмішкөл» бағытындағы 12 шақырымды құрайтын автомобиль жолының құрылысын бағамдап, мердігер мекемеге жол құрылысы жұмыстарын биыл қазан айына дейін міндетті түрде аяқтауды тапсырды. Қазіргі таңда аталған жолдың астыңғы қабатын көтеру жұмыстары жүргізілуде.
Халықпен өткен кездесуде Серік Сағитжанұлы ауданда атқарылып жатқан біршама ірі жобалар туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, «Қызылжар елдімекеніне кіреберіс» автожолының қаржысы бүгінгі таңда толық бөлінгенін және асфальт төсеу жұмыстары шілде айында басталатынын жеткізді. Оған қоса, дәрігерлік амбулаторияның құрылысы да шілде айында жүргізілетінін айтты.
Ауыл халқы тарапынан елдімекенге қосалқы электр стансасы қажеттігі, «Ардана» каналына үш көзді су тоспасын салу сынды мәселелерін көтерді. Аудан әкімі өз кезегінде бұл жайында хабардар екенін, төтенше жағдай қаупін сейілту мақсатында тоспа салу үшін негіздеме дайындап, жоба жасау туралы тапсырма бергендігін жеткізді. Қосалқы электр стансасын орнату үшін 8,2 млн. теңгені құрайтын жобаның сметалық құжаттамасы дайындалып, қажетті қаржыға өтінім берілгенін айтты.
Сапар барысында аудан басшысы жаңадан жеке инвестор есебінен салынып жатқан жеке балабақша құрылысының жұмыстарын көрді. Жаңа бөбекжай 50 баланы және мектепте шағын орталықта білім алатын 25 оқушыны қамтитын болады. Серік Сағитжанұлы кәсіпкерге жаңа оқу жылына дейін құрылысын аяқтауды және сала басшысына міндетті түрде кәсіпкермен меморандумға отыру туралы тапсырма берді.
Қызылжар ауылындағы кездесу тұрғандардың егістік алқабының жанында өтті. Аудан әкімі биылғы егін егу жұмыстарына сәттілік тілеп, аталған жұмыстар өңіріміздегі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға мол септігін тигізетінін айтты. Қазірде ауыл халқы 3 гектар жерге түрлі бау-бақша және жуа, сәбіз секілді көкөніс өнімдерін орналастырған.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі