Аралда шаттық мерекесі тойланды
Аудан әкімі Серік Сермағамбетов 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балықшылар» аллеясында ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысып, балаларды құттықтады.
Алаңда бүлдіршіндерге мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін «Біз – бақытты баламыз!» бағдарламасы мен арнайы фотозона жасақталған.
Алдымен аудан басшысы балғын балапандардың қуанышына арналған шараларды көріп, спорт алаңында өткен ұлттық ойындарын тамашалады. Одан соң, мектеп оқушылары арасында өткізілген суретшілер байқауының қатысушыларымен кездесіп, жас өрендердің арман-қиялдарынан туындаған шығармашылық жұмыстарын тамашалады.
Салтанатты шарада сөз алған Серік Сағитжанұлы: «Қымбатты балалар! Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біз сіздердің Тәуелсіз еліміздің бейбіт аспанында бақытты өмір сүруі үшін жағдай жасауға барынша еңбек ететін боламыз. Бар жақсылықты балаларға арнауды мақсат тұтқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған әрбір жолдауында балғын балаларымыздың болашағына аса мән беріп, өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы жолында оларға көрсетілетін қолдаулар мен көмектерді арттыруды міндет етті. Мемлекет басшысы өткен жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Атаулы жыл ішінде Аралдық балалардың игілігіне арнап ауданымызда 5 жеке балабақша, 6 спорт-ойын алаңы пайдалануға берілді. Сонымен қатар, балғын бүлдіршіндеріміз үшін 2 ойын-сауық балалар орталығы ашылды. Бұл жұмыстар биылда жалғасын тауып, жеке инвесторлар есебінен 4 заманауи үлгідегі балабақшалардың құрылысы басталды. Президентіміздің тікелей қолдауымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде алдағы 2023-2025 жылдары біздің өңірде жаңа талаптағы 10 мектептің құрылысы жүргізіледі. Биылғы жылы 2 білім ұясының құрылыс жұмыстары басталса, оның 1-еуі аудан орталығынан салынбақ. Ал келер жылы дәл сондай 2 оқу ордасы Арал қаласы мен Сексеуіл кентінде бой көтереді. Біз үшін, бұл өмірде Сіздердің балғын жүздеріңізден нұр шашып, бар ықыласымен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ» - деп ізгі лебізін білдірді.
Кең көлемде ұйымдастырылған мерекелік шарада аудандық оқушылар үйінің талантты балалары ән мен жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды.
Шарада жас бүлдіршіндерден құралған би топтарының бұрала билеген билері мен балабақшаның бал тілді балапандарының риясыз көңілден шыққан өнерлері көпшілікті ерекше қуанышқа бөледі.
Бұдан бөлек, алаңда «Балалардың игілігі үшін» атты республикалық акциясы аясында балапандарға тәтті балмұздақтар үлестірілді.
Сонымен қоса, балалар арасында ұлттық спорт түрлері – асық ату, қол күрес пен арқан тартыс, батпырауықтар ұшыру, жебе ату сынды ойындардан сайыс өткізіліп, жеңімпаз және жүлдегер атанған оқушыларға марапаттар табысталды.
Айта кетейік, бүгінгі мереке қарсаңында балаларға аудандық мәдениет үйінде көркем фильм көрсетілімі мен «Балықшылар», «Тарихи-өлкетану» мұражайларына және «Ә. Нұрпейісов атындағы әдебиет үйіне» тегін кіру қарастырылған.
"Толқын" ақпарат