Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еліміздің егемендігі мен ұлттық біртұтастығымыздың нышаны

Еліміздің егемендігі мен ұлттық біртұтастығымыздың нышаны

Әр елдің өзіндік құнды тарихы, қалыптасу кезеңдері болатыны анық. Иә, сол тарих өз азаматтарына күш-қуат беріп, жігерін шыңдатады. Осы секілді біздің елдің де рухын көтеріп, ел азаматтарының Отанға деген сүйіспеншілік сезімін жігерлендіретін – Мемлекеттік рәміздеріміз бар. Мемлекеттік рәміздерімізді қадір тұту арқылы әр азамат еліне деген адалдықтың басты белгісін көрсетеді. Келешек ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу жолында осындай мемлекеттік нышандардың алар орны ерекше.
    Ел тарихындағы айтулы мереке 1992 жылдың 4 маусымында еліміздің мемлекеттік рәміздері болып қабылданды. Бұл тарихи оқиғаға биыл 31 жыл толып отыр екен. Елін, жерін сүйетін әрбір азамат бұл күнге ерекше құрметпен қарап, мемлекеттік рәміздерімізді қадірлейді. Қазіргі уақытта мемлекеттік рәміздерімізден бейхабар адам кемде-кем шығар. Себебі мемлекеттік рәміздер педагогикалық білім беру жүйесінде және білім беру тәжірибесінде айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп келеді. Мемлекеттік рәміздер мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиелік жұмыстың бір бөлігі болып табылуда. Бұл да бір жетістік! Бір мақтаныш! Себебі келешек ұрпақ бүгінгіміз бен болашағымыздың арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі болған таихымызды жетік меңгеріп, ел қадірін білетін азамат болары анық. Осы тұста бала тәрбиесінде ел тарихын ұғындыра білетін ата-ананың да үлесі бар екендігі белгілі. Шаңырақ басындағы әр балаға Тәуелсіздікке қалай және қандай қиындықпен қол жеткізгеніміз туралы айтар болсақ, саналы да білімді ұрпақ шығатыны сөзсіз.
    Сонымен бірге мемлекеттік рәміздердің әрқайсысының өзіндік мән-мағынасы бар. Мәселен, Мемлекеттік Тудың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түс. Онда тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн және оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Мемлекеттік тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков екендігі баршаға айқын. Ал Мемлекеттік Елтаңбаның шеңбер тәріздес және шаңырақтың бейнесі түрінде жасалған, одан тараған уықтар күн сәулесі түрінде жан-жақты нұрланып тұрады. Шаңырақтың оң және сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнелері орналасқан. Жоғарғы бөлігінде бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Мемлекеттік Елтаңба авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
    Міне, Мемлекеттік Рәміздерімізді еліміздің әрбір азаматы білуі қажет. Сол кезде жастардың патриоттық сезімі арқылы ел болашағын сенімді тапсыра беруімізге болады. Еліміздің егемендігі мәңгі болып, тәуелсіз елде ашық аспан астында бейбіт күн кеше берейік! Жаңа Қазақстанды құрудағы қадамымыз оң болып, тек жақсы нәтижелер көрсете берейік!
А. НҰРЛАНОВА

04 маусым 2023 ж. 211 0