Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы

Осыдан 30 жыл бұрын маусым айында еліміздің жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітіліп, ел тарихында жаңа Мемлекеттік рәміздер күні ретінде есте сақталды. Иә, мемлекеттік рәміздер – ел тәуелсіздігін білдіретін символдық белгі екені анық. Яғни, олар: Елтаңба, Көк байрақ және Әнұран. Ел мен жерге деген құрмет ең алдымен осы Мемлекеттік рәміздерге деген әрбір адам баласының жүрек соғысынан-ақ танылуы керек. Елтаңбамыз, Туымыз бен Әнұранымызды құрмет тұтып, оны қорғау заңмен белгіленгені анық. Ата заңымыздың 34-бабында: «Әркім Республиканың мемлекеттік рәмізін құрметтеуге міндетті» деп жазылған. Иә, кез келген адам туымызды қолжаулық етіп ұстай алмайды. Бұл – халқымыздың ұлттық ұғымында қалыптасқан құнды дүние.
Бүгінгі күні мемлекеттік рәміздерді білмейтін пенде кемде-кем болар. Себебі мемлекеттік рәміздеріміз білім беру жүйесінде, сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен бастап оқытылады. Бүгінгі ұрпақ санасына мемлекеттік рәміздердің мәні мен қалай қастерлеу керектігі де үйретіледі.
Еліміздің ерте кезден аңсаған тәуелсіздігінің айқын бейнесі осы – Мемлекеттік рәміздер. Иә, тәуелсіздікке қол жеткізу үшін халық басынан түрлі қиын-қыстау кезеңдер мен қанды оқиғалар өтті. Сол үшін мемлекеттік рәміздерді қастерлеу әр азаматтың басты міндеті болуы тиіс. Келешек дамыған елдер қатарынан көрінуге осындай төл нышандарымыздың атқарар қызметі айрықша. Ертеңгі ұрпақ тәрбиесінен қалыс қалдырмай, мемлекеттік рәміздеріміздің мәнін түсіндіре жүргеніміз артық етпес.
А. НҰРЛАНОВА