Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Екі оқушы су сіңіргіш асфальт ойлап тапқан

Екі оқушы су сіңіргіш асфальт ойлап тапқан

Жуырда Семейдегі Назарбаев зияткерлік мектебінде «Болашаққа қадам» атты II ғылыми фестиваль өткен еді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен үш жүзге жуық өнертапқыш оқушы қатысты. Олардың арасында шымкенттік Ғазиза Елтай мен Әйгерім Назарбайдың жұмысы ерекше. Олар асфальт бетіндегі жаңбыр мен қар суын құбырлар арқылы су қоймаларына жеткізуге болатынын дәлелдепті. Осын-дай жақсы жаңалықты естіп, олармен сөйлесуге асыққан едік.
Ұлан: Әйгерім, Ғазиза сендерді су сіңіргіш асфальт ойлап тапты дейді. Бұл кімнің идеясы?
Ғазиза: Негізі бұқаралық ақпарат құралдары тым асырып жіберді. Су сіңіргіш асфальт бірнеше елдерде бар. Біз ойлап тапқан жоқпыз.
Тек өзімізге бейімдеп, қажетті жерлерін дамыттық. Мәселен, қыста жауған қалың қар дер кезінде тазаланбайды. Қар еріп, мұзға айналады. Нәтижесінде көліктер сырғанап, жол апатына соқтырады. Ал қар суын сіңіріп алатын асфальт мұндайға жол бермейді.
Әйгерім: Былтыр қараша айында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары АҚШ-қа бардық. Сонда бір мұғалімнен мұндағы асфальттың жаңбырды сорып алатын ерекшелігін естідік. Елге келген соң, әлгі мұғалімнің сөзі естен кетпеді. Өзімізше зерттеп, олардың кемшілігін тауып, толықтырдық.
Ұлан: Атап айтқанда, қандай толықтырулар?
Ғазиза: Су – тіршілік көзі ғой. Ғалымдар уақыт өте келе бір тамшы судың құны мұнай мен газдан қымбат болатынын айтады. Сол үшін суды үнемдеу аса маңызды. Өткенде ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко соңғы үш жылда тасқын судан елімізге 28 миллиард теңге шығын келгенін айтты. Негізі жаңбыр мен қар суын екі жол арқылы пайдалануға болады. Біріншіден, шатырларға арнайы құбырлар жалғау арқылы контейнерлерге жаңбыр суын фильтрлеп жинау. Екіншіден, су сіңіргіш, борпылдақ асфальт көмегімен жинау.
Әйгерім: Бұл суды ауылшаруашылығында егін өсіруге, жылыжайға қолдануға болады. Жиналған суды жылыжайға құбыр арқылы жіберіп, тамшылатып суару әдісін қолданамыз. Осы әдіс еліміздің экономикасына да пайда әкелер еді.  Жұрт жаңбыр суының зиян екенін айтады. Біз зерттей келе, еш зияны жоқ екенін білдік. Біздің енгізген толықтырулар осы. Мекеме, мектептердің шатырларының шетіне су кіретін құбыр орнатамыз. Жаңбыр осы құбырлар арқылы үлкен контейнерге келіп құйылады. Контейнерге орнатылған сүзгі арқылы жаңбыр суын фильтрлейміз. Яғни, сүзгіден су тазарып шығады. Біз осы жобаны мектебімізде қалай жасауға болатынын макет арқылы көрсеттік.
Ұлан: Сендер ұсынған су өткізгіш асфальт жиі жөндеуді қажет ете ме?
Ғазиза: Жоқ. Егер жүк көліктері көп жүрмесе, ұзаққа шыдайды.
Әйгерім: Біз ұсынған технологияны «Береке» корпорациясының зертханасында жасадық. Асфальт негізінен бес қабаттан тұрады. Беткі қабаты – суды сіңіруге арналған төсеніш пен ашық градирлі ірі дәнді толтырғыштардан құралған битумді асфальт.  Қалыңдығы күтілетін трафик салмағына қарай 2-4 дюймнің аралығында. Асфальт сұйықты дәл сіңіруі үшін кемінде 16 пайызы ауаға толы бос кеңістікке ие болуы қажет. Одан кейін, су сіңіргіш құбыр. Ал борпылдақ топырақ нашар ағатын жерлерде судың ағуын жеңілдетеді. Тас пен битум 150-160оС-та арнайы пеште қыздырылады. Оларды араластырып, суытып, арнайы аппаратпен тығыздап пішін береді.
Ұлан: Ойлап тапқан жаңалықтарың халыққа қашан ұсынылады? Еліміздің жолдарына су сіңіргіш асфальт төселуі мүмкін бе?
Ғазиза: Бұл жағы белгісіз. Ғылыми жұмыстың толықтыратын тұстары бар. Семейде өткен ғылыми фестиваль кезінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология ғылымы бойынша PhD докторы Жанна Сабырбек апайдың оң баға бергенін мақтанышпен айтамын.
Әйгерім: Негізі су сіңіргіш асфальт ауыр жүк көлігіне төтеп бере алмайды.Біз осы сұрақтың шешімін тапсақ дейміз. Қазір ізденіс үстіндеміз. Егер ұсынған жобамыз көңілден шықса, нұр үстіне нұр болар еді.
Былтыр 10 жасар Мөлдір есімді оқушы туралы жазған едік. Ол халыққа таза ауыз суды жеткізудің жолдарын ұсынған. Бірақ оның ғылыми жұмыс жазғанына ешкім сенбеді. Тіпті, жарыстарға да қабылдамай қойғандар кездесті. Ғазиза мен Әйгерім де ел игілігіне жарайтын жаңалық ойлап тауып отыр. Осындай озық ойлы оқушыларға қолдау көрсетсек, қанекей?!
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
zhasorken.kz
04 ақпан 2019 ж. 934 0