Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел дамуына бастаушы болған форум

Ел дамуына бастаушы болған форум

Жуырда Астана қаласында «AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті. Оның жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысса, олардың 2,5 мыңы немесе еліміздегі барлық мәслихат депутаттарының 77%-ы – жергілікті өкілді органдардың аманаттық депутаттары құрады.
«AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына ерекше назар аударды.
«Әділет пен адалдық – ажырамас ұғымдар. Ал осы ұғымдардың салтанат құруы үшін қоғамдық сана мен әлеуметтік құндылықтар өзгеруі керек. Сонда ғана көздеген мақсатымызға жетеміз. Бұл бізге де қатысты. Осы жолда «AMANAT» партиясы барлық игі істердің алғы шебінде жүруі тиіс. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында, өткен сайлауда Мәжілісте де, мәслихаттарда да басым дауысқа ие болдық. Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсындық. Министрлерді тағайындадық. Мәслихаттағы фракцияларымыз облыстар мен мегаполистердің әкімдерін тағайындады. Бір сөзбен айтқанда, «AMANAT» зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді», – деді ол.
Бұл форумда мандат иелерінің міндеттері жайы да кеңінен қаузалды. Алғаш рет өткізілген мұндай форумға мәслихат депутаттарының қатысуы ең бір ұтымды қадам болды деп ашық айта аламын. Себебі депутаттар халық қалаулысы деген атты бекер алмады. Халықтың сенімінен шығып, олардың игілігі үшін қызмет ету – біздің басты міндетіміз. Халық сөзін билікке тікелей жеткізу бізге артылған жүктің ең ауыры деп санаймын.
Расында өңірде, жергілікті жерде шешілуі тиіс мәселелер өте көп. Бірақ әр мәселенің өзіндік шешімі, түйіні болады. Оны шешу үшін орталықтағы саясат пен тәсілдерді түсініп, жаңа тәсілдерді, әдістемелерді, дағдыларды үйрену керек. «AMANAT» партиясы ұйымдастырып отырғаносы форум сол өзгерістерге бастайтын үлкен күш деп сеніммен айта аламын.
Сонымен қатар мәслихат депутаттары төңірегінде сөз қозғаған партия төрағасы «Мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең, олар өңірдің дамуына ықпал ете алады. Тексеру комиссияларын құрып, аумақтарды дамыту бағдарламалары мен бюджетті бекітеді. Бұл – мәслихаттар әкімдіктермен қатар өңірлердегі өмір сапасына жауапты деген сөз» дей келе, әрбір аймақта, ауданда әкімдіктермен бірлесе жұмыс атқарған жағдайда ғана дамуға қол жеткізетінімізді алға тартты. «Бәрінің бірдей көңілінен шығуға деген ниет мемлекеттің стратегиялық мақсаттарына кедергі келтірмеуі тиіс. Сынның болғаны дұрыс,бірақ популизмге жол бермеуімізкерек. Әкімдіктер мен мәслихаттар өзара бәсекелес те, қарсылас та емес, серіктестер» деген сөзінен осыны анық байқадық.
Биылғы депутаттық құрамда жаңа есімдердің көптеп аталғанынан хабардармыз. Олардың барлығы дерлік халықтың таңдауымен төрге озған азаматтар. Ендігі жерде баршамыз бірлесіп жұмыс істесек, тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халықтың әл-ауқаты жақсы болатыны сөзсіз.
Б.ТӨРАХМЕТОВ,
аудандық «AMANAT» партиясының төрағасы,
аудандық мәслихаттың төрағасы
11 шілде 2023 ж. 219 0