Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда тұшпара цехы іске қосылды

Аралда тұшпара цехы іске қосылды

Аралдықтардың соңғы жылдары кәсіп ашып, өз шаруашылғын дөңгелетумен қатар халық қажетін өтеп отырғаны туралы жиі айтып жүрміз. Айтып қана қоймай тың бастамаларымен танылған кәсіпкерлерді насихаттауды да ұмытқан емеспіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылық саласын дамыту, импортқа тәуелділікті бәсеңдетіп, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жол ашатындығын баса айтуда. Және бұл тиісінше ел экономикасының өсуіне де септігін тигізеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлік жобаларды қолдауға жеңілдетілген несиелер, қайтарымсыз қаражаттар берілуде. Мұндай игілікті аралдықтардың да сезінуінің нәтижесінде кәсіпкерлік өсім алып отыр.
Аудандағы жергілікті «Берекет» шаруа қожалығы «Ет және ет өнімдерін өндіру» жобасын жүзеге асыруды 2016 жылдың соңында қолға ала бастады.Белгілі кәсіпкер Күнтуар Жайназаровқа «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында индустриялық аймақ құру үшін Арал қаласының солтүстік-шығыс бөлігінен 10 гектар жер телімі бөлінген еді. Осылайша, мемлекет кәсіп иелерін қолдауды осыдан бірнеше жыл бұрын бастады. Нақты кезеңде аталған өндірістік аймақта 2 жобаны жүзеге асыруды көздеген.
Аталған шаруа қожалығының «Ет және ет өнімдерін өндіру» жобасының жанынан жуырда «Тұшпара шығару» цехы іске қосылды. Бүгінде тұшпара цехының жұмыстарымен шаруа қожалығының иесі Күнтуар Жайназаровтың келіні Гүлбағым Жұбандықова айналысуда.
– Негізінен «Берекет» шаруа қожалығы ет бағытында асыл тұқымды қазақтың ақбас сиырын өсірумен айналысады. Мемлекет тарапынан индустриялық аймақ құру мақсатында жер телімін алған болатынбыз. Онда мал сою алаңы мен тұшпара цехын орналастыру жоспарда болған еді. Мал сою алаңы өткен жылы іске асырылып, қазіргі 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жоспарға сәйкес тұшпара цехын жуырда аштық, - дейді цехқа жауапты Г.Жұбандықова.
Заманауи техникалық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін кәсіпорында күніне 50 қаптама дайын өнім өндіріліп, жаңа жұмыс орындары құрылды. «Арал тұшпарасы» хаттамасымен дайындалған өнім дүкен сөрелеріннен орын тепті.
– Цехтың өз жұмысын бастағанына бір айдай ғана уақыт болды. 4 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Аудан көлемінде дүкендер мен асханаларды дайын өніммен қамтамасыз етіп келеміз. Бағасы да қолайды. Ең бастысы, тұшпара табиғи таза өнімнен жасалған, – дейді Гүлбағым Жұбандықова.
Ет және ет өнімдерін өндіруді басты кәсіп еткен «Берекет» шаруа қожалығы осылайша өз кәсібінің көкжиегін кеңейтумен қатар аудан халықын табиғи таза дайын өніммен қамтамасыз етуді қолға алып отыр. Кәсіпорын алдағы уақытта көрші аудандар мен қалалардың нарығын жаулауды мақсат еткен. Әрине, бұл мақсаттың орындалары шүбәсіз. Таза еттен жасалған дәмді тұшпара аз уақытта өз тұтынушысын тапты.
Н. БАҚЫРАН
15 тамыз 2023 ж. 193 0