Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ардагерлер құрметке бөленді

Ардагерлер құрметке бөленді

Өз өмірлерін еліміздің әлеуметтік және экономикалық жағдайының жақсаруына арнаған аға буын өкілдері жастары жетіп зейнетке шықса да қоғамдағы әртүрлі өзгерістерге үн қатып, ауқымды істерге әлі де араласып келеді. Олар елдің бірлігі, жастар арасындағы тәрбие жұмыстарынан да шет қалып жүрген жоқ. Елдің мәселесін өзінің мәселесіндей санап, бұқараның сөзін билікке бүкпесіз жеткізіп жүрген жандар аз емес.
Иә, «қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей сөзі мен көзі өткір қарты бар елдің де еңсесі биік болады. Ұсыныс-тілегімізді мінберде естірту үшін қоғамның қалыптасуына қыруар еңбек еткен ардагерлердің ерлікке татырлық еңбегі көз алдымызда.
Ал осындай ардагерлерге қандай құрмет қылсақ та әбден лайықты. Құртмет қылып та жатырмыз. Нақтырақ тоқталар болсақ, биыл аудан әкімдігінің қаржылай қолдауымен аудандағы ардагерлер қауымын ынталандыруға бағытталған әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Алдыңғы айда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосқан елу ардагер Түркістан қаласына саяхаттап қайтқаны туралы ақпараттандырғанбыз. Ал осы жолы дәл осындай еңбегі сіңген 30 ардагерге Қамбаш көлінде демалыс ұйымдастырылды. Ардагерлер Қамбаш көліне арнайы жалданған екі көлікпен барды. Демалушылар тарапынан үш мезгіл аспен қамтамасыз етіліп, ардагерлерге арналған спорттық шаралар өткізілді.
Білім саласының ардагері Нұралы Оспанов:
– Ауданның дамуы көз алдымызда. Еткен еңбегімізді де халық жақсы біледі. Бірақ сырт көз сыншы. «Ердің бағасын елі береді» деген халықпыз ғой. Сол еңбегімізді бағалап, берген батасының арқасында абыроймен ардагерлікке де жеттік. Адам қартайған сайын баладай болады деген рас екен. Бүгінгі бізге көрсеткен құрметтің өзі көңілімізді өсіріп тастады. Үлкенге ізет көрсету қазақтың ертеден келе жатқан үрдісі. Қартын қадір тұтқан халықтың келешегі кемел, болашағы нұрлы болары анық, – дейді.

«Толқын» ақпарат

25 тамыз 2023 ж. 223 0