Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ОБЛЫС ӘКІМІ АЙТБАЙ КӨШЕРБАЕВТЫ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ОБЛЫС ӘКІМІ АЙТБАЙ КӨШЕРБАЕВТЫ МЕРЕЙТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Таяуда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласы, Арал, Қазалы және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Айтбай Көшербаевты 70 жас мерейтойымен құттықтады.
«Ел азаматымен еңселі» дейді бұрынғылар. Қиын да өтпелі кезеңде әлеуметтің әлеуеті үшін істің иінін табу, облыстың су шаруашылығы мен экологиялық проблемаларын еңсеру, әлеуметтік, коммуналдық салада барды ұқсату тек іскер әрі халыққа жанашыр азаматтардың қолынан келді. Дана халқымыз «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» дегендей, кіндік қаны тамған жерге ту тіккен азаматтардың қатарында сіздің қолтаңбаңыз ерек! Елдіктің асыл мұратына арқау болған азаматтық ұстанымыңыз, ілкімді істеріңіз сізді бүгінгідей белеске көтерді. Білікті маман атанып, туып-өскен өңіріңізде жемісті жұмыс жасадыңыз. Саяси-әкімшілік қызметтер атқарып, аймақтың экономикалық, әлеуметтік жағдайының жақсаруына бар күш-жігеріңізді арнадыңыз. Замандастарыңыз бен әріптестеріңіз өзіңізді өмір мектебінде шыңдалып, еңбегімен құрметке бөленген қайраткер, іскер азамат ретінде сыйлайды.
Айтбай Көшербайұлы Қызылорда қаласы әкімі кезінде мені мемлекеттік қызметке қабылдап, орынбасары ретінде зор сенім білдірді. Жасы үлкен аға, тәжірибесі мол  басшының қамқорлығын әрдайым сезіндім. Сондықтан сіздің тұлғалық қасиетіңізді, кісілік келбетіңізді ардақ тұтамын. Елдің келешегімен байланысты өміршең істердің бастамашысы болғаныңызды жастарға үлгі ету –  біздің парызымыз», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шара барысында Айтбай Көшербайұлына Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы, ҚР Мемлекеттік Кеңесшісі Ерлан Қариннің құттықтау хаты табысталды.
Мерейтой иесін мемлекет және қоғам қайраткерлері Қырымбек Көшербаев, Гүлшара Әбдіқалықова, «РЗА» акционерлік қоғамының президенті Самұрат Имандосов, ардагер Сәби Аңсат құттықтады.
«Айтбай Көшербайұлы бізге өзінің еңбекшілдігімен, жауапкершілігімен үлгі бола білді. Үлкен өндіріс және мемлекеттік қызмет мектебінен өтті. Әсіресе, САРАТС жобасының бірінші кезеңін іске асырудағы жанқиярлық еңбегі елдің есінде қаларлықтай. Ол өзінің 70 жасына абыройлы, парасатты, кемелденген  қалпында келді. Өнегелі ғұмырын тамызық қылып, көрген-білгенін ортаға салуға әбден лайық», – деді өз құттықтау сөзінде Қырымбек Елеуұлы.
Айтбай Көшербайұлы 1953 жылы Қазалы ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1975 жылы «Қызылордаводстрой» тресінің №33 жылжымалы-механикалық колоннасында шебер болып бастаған. Құрылыс және аграрлық саладағы бірқатар кәсіпорындарда қызмет жасады. Тәуелсіздік жылдарында аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, Арал, Қазалы аудандарының және Қызылорда қаласының әкімі, облыс әкімінің орынбасары, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы қызметтерін абыроймен атқарды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
26 тамыз 2023 ж. 273 0