Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіл жанашырлары марапатталды

Тіл жанашырлары марапатталды

Тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл - әрбір елдің жаны. Баршаңызды 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.
Иә, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет орталығында өткен «Тіл – татулық тірегі» атты мерекелік шараның алғы сөзі осындай ана тіліміздің абыройын асқақтар қанатты сөзбен бастау алды. Тақырыпқа сай безендірілген сахна шараға жиналған жұртшылықтың, тіл жанашырларының абыройын асырып, тілдің құдіретін сездіріп-ақ тұрды. Жергілікті өнерпаздардың әсем биімен басталған мерекелік концертте аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов сөз алып, барша аудан тұрғындарын, шараға қатысушыларды Қазақстан халқы тілдері күнімен құттықтап, еселі еңбектерінің жемісін көруге игі тілегін жеткізді.
Содан соң ана тіліміздің өркендеуі жолында өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан әр саланың иелеріне Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының, аудан әкімінің Алғыс хатын табыстаса, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Б.Махатов бірқатар тіл жанашырларын мәдениет және спорт бөлімінің басшысының Алғыс хаттарымен марапаттады. Сондай-ақ марапат иелеріне қазақтың қасиетті қара домбырасын сыйлады.
Мерекелік шара одан әрі жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, жиналған жұртшылыққа керемет көңіл күй сыйлады.

(Өз тілшімізден)

Фото: atr.kz
09 қыркүйек 2023 ж. 166 0