Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Күнсұлудың келісті кәсібі көпке үлгі

Күнсұлудың келісті кәсібі көпке үлгі

Асылында Алла әйел затын айрықша жаратса керек. Себебі әйел адам отбасының ұйытқысы болумен қатар қандай істе де келісті жұмыс, қыруар қызмет атқарып жүр. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Күнсұлу Ахметова да қолынан келетін істі сөзбен емес, іс жүзінде көрсетіп келе жатқан кәсіпкер ана. Нақтысы, ауыл шаруашылық бағытындағы еселі еңбек кейіпкеріміз түтінін түтетіп отырған Ахметовтар әулетіне тән. Ал соның нақ себепшісі әрі кәсіп иесі – Күнсұлу апамыз.
Бүгінде осы салаға берілген басымдық көптеген жанның кәсіпте үлкен ізденістерге ұмтылып, соның жемісін жеуге сеп болуда. Агроөнеркәсіп кешеніндегі нақты тетіктер арқылы кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасауды көздеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кешегі Жолдауында:
– Алдымызда тағы бір өте маңызды міндет тұр. Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек. Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет, – деді.
Бүгінде мұндай бастама аймағымызда белсенді түрде қолға алынып, ауыл шаруашылық бағытындағы кәсіпкерліктің қай түрі болмасын жанданып келеді. Әсіресе егін шаруашылығы.
Мәселен, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес бақша дақылдарын егу үшін өңірде 3342 гектар жер арнайы дайындалды. Оның 3282 гектарына, атап айтқанда, 1021 гектарына картоп, 866 гектарына көкөніс, 1395 гектарына бақша дақылдары егілді. Тұрғындар қосымша жер дайындауды сұрап, егін егуге ынтасын білдіруде. Бұл бақшалық жер дайындаудың шаруаға қолайлы, тұрмыс сапасын арттыруға оң әсер еткенін көрсетеді. Осы ретте облыс әкімі қала, аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына алдағы уақытта бақшалық жерді жергілікті халықтың сұранысына сәйкес жоспарлап дайындауды тапсырған болатын. Сондай-ақ дақылдардың нақты су тұтыну нормасына сәйкес су беру кестесін шаруалармен келісіп жасау керек. Тиісті басшыларға егінге су беруді үйлестіріп, жиын-терімге дейін барлық жұмыстарға тұрақты бақылау жасау жүктелді. Сәйкесінше, бұл жұмыс жалғасын тауып, 1500 гектарға егіс егу жоспарланып, тиісті жұмыстар жүргізілуінің нәтижесінде қазірдің өзінде жерден түйнек көтерген шаруалар алған өнімдерінен пайда көріп келеді. Олардың қатарында кейіпкеріміз К.Ахметова да бар. Бүгінде ол отағасы Жанзақ ағамызбен бірге ауыл шаруашылық бағытында қаланың шығыс бетінен 1 гектар жер алып, оған қауын, қарбыз және асқабақ дақылдарын еккен. Бүгінде бұл маң жасыл желекке оранып, жаздайғы күтімінен күш алған көшеттер көптеп жеміс беруде. Бұл іске үлкен тәуекелмен келген кейіпкеріміз Күнсұлу:
– Мен негізі үйдегі ағаңмен (Жанзақпен) бірге ет өнімін саудалауда кәсіппен айналысып келе жатқан жанмын. Қазір кәсіпкер ретінде тіркеліп, халыққа таза әрі сапалы ет өнімдерін ұсынып келе жатқаныма 10 жылдан астам уақыт болыпты. Алғашында бұл істі үй жағдайында қолға алып бастадық. Уақыт өте келе заңды кәсіп иесі атанып, мемлекет берген мүмкіндіктердің арқасында өзіміздің отбасылық ісімізді дөңгелетіп келеміз. Ал сіз куә болған мына егіншілік іске келсек, әлі тәжірибе аз. Оны мойындау керек. Үй жағдайында болмаса нақты егіншілік кәсіппен айналысып келе жатқан жандар емеспіз. Десе де «Ниетке найза бойламас» деген рас екен. Алғашында алаңдаушылық болды. Қаншама қаржыны құйып, қолға алған істің қайыры бола қояр ма екен деп уайымдадық. Бірақ еңбек еш кетпеді. Қазір тәубе, сол еккен дәндердің бүгінде түйнегін сатып, табыс тауып жатырмыз. Негізі мұндай іске келуімізге облыс әкімі Н.Нәлібаев бастаған бастама түрткі болды. Егін егуге жерді 5 жыл мерзімге жалдау құқығына ие болдық. Және ол жерде тамшылатып суару әдісін қолға алып, қажетті мүмкіндіктерді қолға алдық. Соның арқасында қазір бақшалықтағы өнім еселеніп, ісіміз жайлап алға басып келеді, – дейді.
Қаладағы орталық базар маңайында жиі жүрген болсаңыз «Табыс» деген ет дүкенін байқар едіңіз. Міне, сол дүкен бүгінде кейіпкеріміз Күнсұлу апайдың табыс көзіне айналдырған құттыхана мешіті. Сөресінен сом ет пен майлы шұжық (фарш) үзілмеген бұл дүкенде әркез жаңа өнім тұрады. Одан бөлек, бақшалықтың да дәнді дақылдарды осы маңнан табасыз. Негізі қала сыртындағы ат шаптырым аумақтың азын-аулақ өнімі базар саудагерлерінің алдында тұр. Өйткені еткен істен табыс табуды көздеген жандар үшін бұл таңсық жағдай емес. Кәсіпкерлікті қолға алған бұл әулеттің бұдан былайғы ісі де осы сарында болмақ.
Иә, біз әңгімеге арқау еткен кейіпкеріміз кәсіпкер ғана емес, бір әулеттің бақыты мен ырысы, құты мен қазынасы. Қазанын оттан түсірмеген отанасының осы әулетке келін боп түскеніне, яғни Жанзақ ағамызбен отасқандарына биыл тура 40 жыл уақыт болыпты. Бажайлап қарасаңыз, азды-көпті бір адамның болдым-толдым дейтіндей ғұмыры. Осы уақыттың ішінде отбасылық істің кетеуін кетірмей, табысты іске тас-түйін дайын болған Күнсұлу апамыздың өмірге әкелген 5 перзенті түрлі саланың шылбырын қаққан өз ісінің мамандары. Талғаты темір жолда, Азаматы кәсіпкер. Ал қыздары Лариса білім саласында білікті маман болса, Ленасы сұлулық әлемінің сиқыршысы дейтіндей-ақ жан. Бұл әулеттің кенже қызы Фарида бүгінде үлкен өмірге қадам басып, Ақтөбе қаласындағы жоғары оқу орнының түлегі атанған. Міне, отбасылық кәсіптің көкжиегін кеңейтіп, нарық заманында ел қатарлы еңбек етіп келе жатқан бұл әулеттің қос бәйтерегі Жанзақ пен Күнсұлу болса, оларды осы деңгейге жеткізген өздерінің ақадал еңбегі мен табан ет маңдай тері. Оны ешкім жоққа шығара қоймас. Сонысымен де бұл әулет – мерейлі отбасы, бақытты жанұя һәм үлгілі әулет.
А. БИСЕНОВ
12 қыркүйек 2023 ж. 150 0