Күн тәртібінде маңызды мәселелер қаралды
Сәрсенбі күні аудандық мәслихаттың тоғызыншы сессиясы өтіп, онда бірқатар мәселелер қаралды. Яғни, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңына сәйкес ауданда мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен атқарылуы жайы сөз болып, бұл жөнінде аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов жан-жақты баяндама жасады. Аталған салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары маңызды бөлімдегі жетістіктерді тілге тиек етіп, мәселелер бар екенін де жасырмады. Сонымен қатар алдағы уақытта жоспарда тұрған жұмыстарды ортаға салды.
Сондай-ақ, хабарламашы Арал ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекітіп беруді ұсынды. Аудандық мәслихат депутаттары аудан әкімі орынбасарының баяндамасын егжей-тегжейлі зерделеп, ұсынысына қолдау танытты.
Мұнан соң, аудандық әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығы жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ш.Есжанов сөз сөйлеп, қысқа дайындық турасында бөлімнің қолға алған жұмыстарын жиналғандар назарына ұсынды. Бұдан бөлек, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ғ.Тоғысова, Арал ауданының әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаттарын бекітуді алға тартса, аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Жұбанов Арал ауданының кенттер және ауылдық округтер елді мекендерінің жерлерін аймақтарға бөлу жобасын бағалау аймақтарының шекаралары және жер учаскелері үшін төлемақылардың базалық мөлшерлеріне түзету коэффициенттерін бекітуді сұрады. Қос хабарламашының да сұранысына бірауыздан қолдау танытқан депутаттар бұдан кейін аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Зағатовтың «Арал ауданы көлемінде құрылған №№1-55 учаскелік сайлау комиссияларын сайлау туралы» Арал аудандық мәслихатының 2019 жылғы 9 қаңтардағы №217 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» хабарламасын тыңдады.
Иә, сессия осылайша өрбіді. Бір байқағанымыз, жаңадан сайланған депутаттардың белсенділігі басым. Жақсықылыш жұртының жоғын жоқтаған А.Төлебаев кентке ойын спорттық алаңдардың қажеттігін айтса, Сексеуіл кентінен сайланған Е.Аяғанов сексеуілдіктер биыл қол жеткізеді деп күтілген сұйық отынның ауылы алыс екенін қынжыла жеткізді.
Мәселе көтерілді, талап етілді. Сессия жұмысына қатысқан аудан әкімі Серік Сермағамбетов те депутаттардың өзекті жәйттерді қаперге алғанын құптап, ауданның оң имиджін қалыптастыруға жұмыс жасап жатқандары үшін қуанышты екенін жеткізді. Рас, тоқмейілсуге әлі ерте. Күрмеуі көп шаруа шашетектен. Алда орасан міндет күтіп тұр. Осы және өзге де жәйттерді қаузаған аудан басшысы ұзақ жыл Атанши ауылдық округінің әкімі болып қызмет атқарған Бегалы Дәулетжановқа құрмет көрсетіп, Алғыс хат табыстады.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ