Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа автокөліктер табысталды

Жаңа автокөліктер табысталды

Ветеринария саласының білікті мамандары мал дәрігерлерінің жалақысын көтеру, материалдық-техникалық базасын нығайту керектігі бұған дейін жиі көтерілетін. Осы бір өзекті мәселені шешуді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан екі жыл бұрын өңір басшыларына тапсырған еді. Президент тапсырмасы өңірлерде ретімен орындалып жатыр. Кеше облыстың 85 жылдығы және «Алтын дән-2023» мерекесі аясында ветеринариялық ұйымдарға 30 қызметтік автокөлік, облыс шаруашылықтарында жоғары көрсеткішке қол жеткізген еңбек адамдарына демеуші кәсіпорындар тарапынан 17 автокөлік табысталды.
Салтанатты іс-шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ветеринария саласын жетілдіруге аса үлкен мән берді.  Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Бұл түптеп келгенде ауылдағы ағайынның әл-ауқатына және облыстың агроөнеркәсіп саласының дамуына әсер етеді. Бүгінде аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы мал ауруына бөлінген ветеринариялық препараттар жеткізіліп, бекітілген жоспарға сәйкес алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Сапалы жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы өңірімізге аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесін берді. Эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыру жолында аянбай еңбек ететін ветеринар мамандарға, ақ күріштен тау тұрғызған еңбек озаттарына алғысымды білдіремін. Жаңа автокөліктер игіліктеріңізге қызмет етсін, – деді аймақ басшысы.
Ветеринария саласындағы жұмыстарды ілгерілету үшін «Жол картасы» жасалды. Ал ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау мақсатында былтыр облыстық бюджеттен 73 млн теңге, биыл 250 млн теңге бөлініп, автокөлік пен құрал-жабдықтар алынды.
– Биыл бөлінген қаржыға 30 автокөлік және 23 компьютер мен 23 термочемодан алынды. Салада жалпы 746 маман қызмет атқарады.  Былтыр ҚР «Биологиялық қауіпсіздігі туралы» заңына сәйкес ветеринар мамандарға зиянды жұмыс үшін жалақысына қосымша қаржы төлену туралы ұсыныс берілді. Осыған байланысты биыл алғаш рет республикалық бюджеттен 635 ветеринарға 455,3 млн теңге қаржы бөлініп, жалақыларына 50% үстемақы қосылды, – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев.
Жер-ананы күтіп-баптаған адам қашан да мол табысқа кенеледі. Жаз бойы егін даласын дүбірге бөлеген диқан қауымы ел несібесін еселеуде аянбай еңбек етті. Ал осы салтанатты шарада олардың бірқатары көлік кілтін иеленді.
Айтпақшы, бүгінде барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық берілуде. Қоғамдық көлік түйткілін шешу үшін 200 автобус, мектеп оқушыларын тасымалдауға 30 автобус, денсаулық сақтау саласына 45 жедел жәрдем көлігі, орманшыларға 470 техника, құқық қорғау органдарына 92 қызметтік автокөлік алынды. «Үлгілі елді мекен» облыстық конкурсының жеңімпаздарына күнделікті тұрмысқа ең қажетті заманауи үлгідегі 14 арнайы техника берілді.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»

syrboyi.kz
21 қазан 2023 ж. 262 0