Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәжілістегі әр тапсырма маңызды

Мәжілістегі әр тапсырма маңызды

Кеше аудан әкімдігінде аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің төрағалығымен әкімдік мәжіліс өтті. Жиын басынан-ақ әр тапсырманың маңыздылығы ерекше ескерілді. Аудан басшысы өңіріміздің оң динамикасын қалыптастыруға қолдан келгенше жұмыс атқарылып жатқанын ортаға салып, алдағы кезеңдерде де осындай жүйелі жұмыс жалғасу қажеттігін тілге тиек етті. Мұнан соң күн тәртібінде қаралған 2023 жылғы қаңтар-қыркүйек айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Төлеген Рашев баяндама жасады.
Одан әрі кәсіпкерлік саласы бойынша атқарылған жұмыстар, алдағы міндеттер төңірегінде аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ренат Жанаев хабардар етіп, кәсіпкерлік көкжиегінің кеңейіп келе жатқанын алға тартып, мемлекет қолдауының нәтижесінде жарқын жобалар жолға қойылғанын жеткізді. Әріптесінің сөзін қуаттаған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Нұрсауле Ембергенова да шағын кәсіппен шұғылдануға ниеттілердің көптігі қуантатынын атап өтті.
Аудан әкімі ауыл тұрғындарын кәсіппен қамтуда кенжелеп қалған округ әкімдерін сынға алып, осындай мардымсыз жұмыс жалғаса берсе, мәселе май шаммен қаралатынын еске салды. Сондай-ақ, округтер арасында шаруасын шалқытып, жұмысын алға оздырғандар да бар екеніне тоқталып, алғысын жеткізді.
Жиын барысында аудандық қорғаныс істері жөнінде бөлімі басшысы Б.Қуатов хабарлама жасап, қала, кент, ауылдық округтерде әскери борышын өтеуден жалтарып жүретін жастардың баршылық екенін назарға ұсынды. Аудан басшысы күзгі әскерге шақырылған жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге деген құлықсыздығы заң шеңберінде қаралатынын еске салып, бұл іске барлық атқарушы билік өкілдері жауапкершілік танытуы тиістігін атады. Ауқымды мәселе арқау болған айтулы жиында көтерілген әрбір проблеманың маңыздылығы ескеріліп, одан шыққан қорытындыға сәйкес жауапты сала басшылары мен мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктелді. Ал олардың нақты жүзеге асуын бақылау тиісті салалар бойынша аудан әкімінің орынбасарларына міндеттелді.
«Толқын» ақпарат
24 қазан 2023 ж. 188 0