Жедел штаб отырысы өтті

– Өздеріңізге белгілі, үстіміздегі жылдың 20 қарашысында кәсіпорын қызметкерлері зауыттың жұмысын тоқтатты. Бұған дейін де, бірнеше рет «Аралтұз» АҚ-ның жұмысшылары тарапынан жалақыға байланысты түрлі мәселелер көтеріліп келеді. Аудандық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік пен еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үш жақты комиссия отырысында «Аралтұз» АҚ тарапынан үстіміздегі жылы зауыттың жұмысшы-қызметкерлерінің міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдерін аудармауына байланысты мәселе қаралған болатын. Бұдан шығар ешбір мардымды нәтиже жоқ. Қалыптасқан жағдай әлі сол күйінде қалып отыр. Қаншама отбасы осы жалақымен өзінің жанұясын асырап келеді. Жасалған еңбектің өтеуі міндетті түрде болуы тиіс – деді аудан басшысы.
Ұжымдағы ахуалға байланысты «Аралтұз» АҚ-ның зауыт директоры А.Жакпаров туындаған мәселенің мән-жайын түсіндіріп, атқарылған жұмыстарды баяндады.
Өз кезегінде аудан басшысы кәсіпорын басшылығына қараша, желтоқсан айларының жалақысының уақытылы өтелуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Сондай-ақ, зауыттың жұмысшы-қызметкерлерінің міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдерінің уақытылы берілуін үйлестіру жүктелді.
Бұдан бөлек, аудандағы құқық қорғау органдарының басшылары өз ұсыныстарын айтып, зауыт директорына тиісті талап-тілектерін жеткізді.
«Толқын» ақпарат