Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды
Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің аудан халқымен кездесуі Қосаман ауылдық округінде жалғасты. Сапар барысында аудан басшысы №68 орта мектебінде ауыл тұрғындарымен жүздесті. Кездесуде аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, алдағы іске асырылатын жобалар туралы айтылды.
Аудан әкімі алдымен өңірдегі мемлекеттік бағдарламадардың орындалуы мен аймақ басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан жұмыстардың барысына тоқталды. Сондай-ақ ең бірінші кезектегі әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша да тиісті шаралардың өз легімен жүргізіліп жатқандығын айтты.
– Инфрақұрылымды жақсарту бойынша биылға бөлінген қаржыға аудандық маңызы бар жолдар мен ауыл ішілік жолдар салынуда. Жергілікті жолдарды жақсарту мақсатында бүгінде аудан көлемінде 31 жоба іске асты. Оның ішінде келесі жылға өтпелі негіздегі жолдардан бөлек, қазіргі таңда аудандық маңызы бар 165 шақырым автожолдар жөндеуден өтті, – деген Серік Сағитжанұлы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан «Қосаман-Ақбасты» бағытындағы су айдау насосты станциясының жұмыс барысын бағамдады.
Аудан әкімінің жұмыс сапары одан әрі Беларан ауылдық округінде жалғасты. Алдымен, ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту бағытында жүзеге асқан су тұщыту стансасының жұмысын көрді. Аталған нысанды іске қосуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта су тұщыту стансасы өз жұмысын бастаған. Сағатына 2 тонна жер асты суын тазартады.
Елді мекен тұрғындарымен кездескен С.Сермағамбетов ауылдың инфрақұрылымын арттыруға негізделген жұмыстар жыл сайын өз жалғасын тауып жатқандығын тілге тиек етті. Алдағы уақытта да жол және өзге де әлеуметтік мәселелер кезектілігі бойынша жасала беретіндігін жеткізді.
Мұнан соң аудан басшысы ветеринариялық қызметке арналған үйдің ағымдағы жағдайымен танысты. Онда сала мамандарымен кездесіп, өзекті мәсілелерді талқылады.
"Толқын" ақпарат