Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Жыл үздіктерін марапаттады

Аудан әкімі Жыл үздіктерін марапаттады

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына Арал өңірі қарымды үлес қосып, түрлі салалар бойынша жаңа жетістіктерге қадам басып келеді. Осы ретте аудан орталығында «Жыл үздігі–2023» салтанатты іс-шарасы өтті. Еңбегі еленген азаматтарды марапаттауға арналған салтанатты кешке аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып, жыл үздіктерін құттықтады.
Аудан басшысы аралдықтарды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, жеткен жетістіктер мен бағындырған белестерді бір саралап шықты.
«Берекелі жылдағы бағындырған белестеріміз жетерлік. Қос тойымыз қабат келіп, облысымыздың 85 жылдық және ауданымыздың 95 жылдық мерейтойлары салтанатымызға сән қосты. Барлық макрокөрсеткіштер бойынша ауданымызда оң динамика қалыптасты. Негізгі капиталға салынған инвестиция бір жыл бұрынмен салыстырғанда 43,7 пайызға өсіп, 24,0 млрд. теңгені құраса, өңір бюджеті 17,5 млрд. теңгеге  жетті. Келер  жылы, ауданымызда 12,0 млрд. теңгеге жуық  қаржыға 35 жоба іске асырылады. Білім саласында 5 мектептің  құрылысы  жүретін  болады, яғни Арал  қаласында 300 орындық 2 мектеп,  Сексеуіл  кентінде 600 орындық, Жақсықылыш кентінде 300 орындық және Жалаңаш ауылында 150 орындық мектептер бой көтереді. Шижаға елді мекеніне денешынықтыру және спорт  кешенінің  құрылысы  жүретін  болады. Ал, Аманөткел елді  мекенінде  клуб  құрылысы жүреді. Жол  жөндеу  жұмыстары бойынша  аудандық  маңыздағы  4  жолды  жөндеуге 2,0 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. Арал қаласында кәріз желісін жүргізу жұмыстары бастау алады. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық  тұрғын үй  қорынан пәтер сатып алуға 228,8  млн. теңге қаржы  жұмсайтын  боламыз», - деді Серік Сағитжанұлы.
Аудан басшысы биыл ашылған әлеуметтік нысандар, пайдалануға берілген тұрғын үйлер, жүзеге асырылған инвестициялық жобалар мен алдағы уақытқа қойылған межелі міндеттерді атап шықты.
Жыл қорытындысына арналған салтанатты жиында сала озаттары мен түрлі номинация иегерлері марапатталды. Әр салада жемісті қызмет еткен 12 азамат жыл үздігі атанды. Сондай-ақ осы кеште облыс әкімінің алғысымен және аудан әкімінің алғысымен 14 адам марапат биігінен көрінді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Аралауданы әкімдігі
01 қаңтар 2024 ж. 236 0