Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Онлайн сауда нарығы өсуде

Онлайн сауда нарығы өсуде

Заманымызға сай қандай дүние де қажеттіліктен туындайтыны анық. Мейлі қай сала түрі болмасын қоғам сұранысы артқан заттың әп-сәтте жасалып, дүние шарлап, тез тарайтыны бәрімізге анық. Осындай салалардың ішінде онлайн сауда жүйесі де қарқынды дамуда. Карантин уақытында дамудың жаңа сатысына шыққан сауда жүйесі бүгінде еліміздің ауыл-аймағына дейін жеткізу қызметін іске қосып, жұмыс жасауда.
Иә, бүгінде қоғамда базар аралап, бұрынғыдай киімді киіп көріп, азық-түлікті қолмен ұстап, жарамдылық мерзімін анықтап, үйдегі техниканы қосып көріп қарайтынымыз аз. Жасы ересек жан болмаса, қазіргі жастардың көпшілігі үйде отырып-ақ онлайн тапсырыс беріп, үйге дейін жеткізу қызметін пайдаланғанды құп көреді.
Карантин уақытына дейін онлайн сауда-саттық мәселесін дұрыс игермеген халық небәрі 6-7 айдың ішінде қалайша мұны үрдіске айналдырғанын байқамады да. Сол жылдары елімізде 57%-ға дейін өскен сауда жүйесі жыл сайын 20-30 пайызға артып, қарқынды дамып келе жатыр. Елдегі интернет-сауда саласының өте жас екеніне қарамастан, сала төрт аяғын тең басып дамып және әлемдік трендтермен кейде теңесіп, кейде тіпті алға озып кетіп жатқан мысалдары да бар.
Сарапшылaр Қaзақстанды бөліп-төлеу мен несиені aса көп рәсімдейтін ел деп aтайды. Бұған себеп, қазіргі танымал банктердің қосымшаларындағы онлайн дүкендер желісінде сауда нарығының кең көлемде жұмыс жасауы. Олар дәстүрлі интернет-дүкендерді және базардағы жеке сауда-саттық жұмысты біршама ығыстырып тастады. Жаңа интернет-ритейлер кем дегенде үш міндетті шеше алады. Онлайн – кез келген тауарларды алуға мүмкіндік, несие мен бөліп төлеу арқылы сауда және барлық клиенттерге ыңғайлы жеткізу қызметі. Қазақстандық маркетплейстердің қысқа мерзім ішіндегі тиімді жұмысының арқасында елдегі қолма-қолсыз транзакция көлемі 12 есе өскен екен.
–Kaspi.kz қосымшасы өзіме ұнайды. Оның «Дүкен» бөлімінен күнделікті тұрмысқа қажетті үлкен тауарлардан бастап майда заттарға дейін алуға болады. Қазір мүлдем базарға шықпаймын десем артық емес. Kaspi Red, бөліп төлеу қызметтері арқылы қалаған затыма тапсырыс беремін. Барлық зат уақытылы, үйге дейін келеді. Бір жағынан үй шаруаларыма да кедергі емес, екіншіден қалтама да ыңғайлы. Көп салмақ салмай, белгілі сомманы 3-ке, 12-ге бөліп төлеймін. Банкке қарыз болғандықтан, қарапайым қарызға қарағанда тезірек құтылуға тырысып, қолда бар артық ақшаны төлеп отырамын. Бүгінге дейін бірнеше гаджет, үй жиһазын, алтын және көптеген киімдер мен кітаптар, майда заттар, косметика алдым. Барлығының сапасы жақсы болып келді, – дейді қала тұрғыны Анар Аманова.
Иә, қаламыз шағын десек те бүгінде онлайн сауда иелері көп. Олардың ішінде қаладан зат әкеліп сататын жастар мен атақты Қытайдың «Пиндуодуо» қосымшасы арқылы жұмыс жасайтын карголар да бар. Халық қалтасына қаламыздағы дүкендерге қарағанда бірнеше есе арзанға түсетіндіктен, оны да пайдаланушы қыз-келіншектер көп. Солардың бірі – Арал Карго.
–Біз Қытай сайтының Алматы қаласындағы нүктесі арқылы ашылған филиалымыз. Қаламыздың тұрғындарына сауда қолайлы болу үшін жұмысымызды өткен жылы бастағанбыз. Бүгінде Арал қаласы мен ауылдық жерлерден, Сексеуіл, Жақсықылыш кенттерінен тұрақты 300-ге жуық тұтынушымыз бар. Олардың ішінде кейбір киім-кешек, әртүрлі мерекеге арналған сәндік заттар сататын дүкендер де бар. Көбінесе үй шаруасында отырған қыз-келіншектер тапсырыс береді. Киім мен ас үй заттары көп сатылымда. Алдағы уақытта орталықтан үлкен қойма ашу жоспарымызда бар, – дейді каргоның негізін қалаушылардың бірі Сезімай Зауытбай.
Онлайн сауданың дамуы базардағы саудагер халыққа да оңай түспегені анық. Дәстүрлі сауда түрін қолданушы жандар қатары азайғанын олар да жасырмайды:
– Қазір тек үлкен кісілер мен балаларын жанына бірге алып жүрген аналар ғана сауда жасайды. Жастардың өзіндік стиліне тән бөлек дүкені, тапсырыспен алдыртатын жері бар. Базар аралаушының көбісі алданып қалудан, өлшемі дұрыс келмеуден, сапасы нашар болудан қорқады. Қала кішкентай, бәрі бір-бірін таниды. Сондықтан үйренген таныстарынан қарызға алушылар да бар. Қазір бұрыннан келе жатқан саудагерлер заман ағымына сай ғаламтордағы жарнама, жеткізу қызметіне ілесе алмай жатыр. Сол себептен күніге болатын сауда қазір аз. Кейде күніне 1-2 ғана зат сатып қайтатын кезіміз болады, – дейді саудагер Алма апа.
Бұл жағдай тек киім және тұрмыстық заттар сататын дүкендерге қатысты екенін айтқанымыз да жөн. Сарапшылардың айтуынша, халық азық-түлікті әлі де көзбен көріп алғанды құп көреді.
Елдің жаһандану сатысына айналған сала бүгінде қоғам қажеттілігіне айналды. Онлайн сауданы дамыту – ел экономикасының тұрақтылығының кепілі. Әлемдік даму деңгейінен қалыс қалмай, кәсіпкерлікті қолдаған елдің бәрі оның дамуына күш салатыны анық. Тек тәртіп пен талап орындалса болғаны дейміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА

Фото: egemen.kz
06 ақпан 2024 ж. 192 0